Саудаға салынған инвестиция 121 млрд теңгені құрады
Жыл басынан бері елімізде сауда саласы айтарлықтай өсіп, оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 18%-тен асты. Сауда-саттықтың сала ретіндегі рөлі артып, әлеуметтік тиімділігі тұрғысынан 1-ші орынға шықты. Бұл туралы Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбділдәбеков мәлімдеді.
Қаңтар-мамыр айларында еліміздегі сауда айналымы 22 трлн теңгеге жуықтады. Салада 1,5 млн адам жұмыс істейді, бизнестің 36%-і осы салада, ол – 730 мың бизнес субъектісі. Жыл басынан бері 15 трлн теңгеден астам сомаға көтерме сауда жасалса, бөлшек сауданың үлесі 7 трлнға жуық. Саланың дамуына 121 млрд теңгеден астам инвестиция құйылды.
Сауда министрлігінің өкілдері мәлімдегендей, саланың заңнамалық базасын жетілдіру жұмыстары жалғасып жатыр. Мемлекеттік қолдау аясында сауда объектілерін салу, реконструкциялау және айналым қаражатын толықтыру мақсатында пайыздық мөлшерлемені субсидиялау көзделген.
Сауда орындарының инфрақұрылымын жетілдіру мақсатында базарларды модернизациялау жұмыстары қолға алынды. Қазір 19 нысан толықтай жаңартылған. Шағын базарлар, бөлшек сауда желілері, қоғамдық тамақтану және электронды сауда мен персоналға қойылатын талаптар біріздендіріледі. Яғни 9 ұлттық және 1 мемлекетаралық стандартқа сәйкестендірілмек.
Айдарбек Әбділдабеков, ҚР Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы:
– Мемлекеттік жаңағы ұлттық каталогты енгізуді жоспарлап отырмыз. Салық органдарымен бірге сол ұлттық каталогты енгізетін болса, барлық сауда объектілері сүтті сүт немесе молоко деп атауы керек. Сол кезде бізге жұмыс істеуге жеңіл болады. Себебі машина оқымайды. Нұсқалар көп. Бір сүттің 50-70 варианты шығады. Бірақ бұл бағытта үлкен жұмыс жүргізіп жатырмыз.