Хабар телеарнасы

БҰҰ: Қазақстан инвестиция тарту жағынан Орталық Азияда көш бастап тұр

Қазақстан инвестиция тарту жағынан Орталық Азия мен теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдер арасында көш бастап тұр. Бұл – Біріккен Ұлттар ұйымының ресми мәліметі. Соңғы жылдары елімізге келетін ірі инвесторлар қатары көбейген. Нәтижесінде, мұнай өңдеу, энергетика, бизнес салаларында айтулы жобалар қолға алынды. 

Бұл – қытайлық инвестор Ли Чжогэнің Қазақстанға екінші сапары. Келіссөздер өз жемісін берді. Енді инвестор қоқысты өртеп, одан энергия шығаратын зауытты Астанада ашуға ниеттеніп отыр.

Ли Чжогэ, инвестор: 
- Күніне 1500 тонна қоқыс өртеп, энергия шығаруды жоспарлап отырмыз. Мұндай жобаларды әлемнің бірқатар елдерінде іске асырдық. Стандарттарымыз қатаң. Сондықтан зауытты ең озық технологиялармен саламыз.

Шырайлы Шымкент инвесторлар үшін де тартымды. Шаһарда құны шамамен 2 миллиард доллар болатын 4 ірі жоба қолға алынды. Оның бірі – керамикалық тақтайша өндіретін зауыт. Қуаттылығы жылына 12 млн дана тақтайша шығаруға жетеді. Жоспар уақытында іске асса, бірлескен кәсіпорын тамызда өз жұмысын бастайды.

Ермек Тұрманов қалалық кәсіпкерлік және ИИД басқармасы басшысының орынбасары: 
-Жалпы Қытай инвесторлары тарапынан бізге негізінен қызығушылық білдіруде металлургия саласында, дайын металл өнімдерін өндіруде. Сонымен қатар машина жасау. Лифт шығару мәселесін де қолға алуда. Қазір олар өздерінің зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Түркістанда қытайлық инвесторлар түйе сүтінен ұнтақ шығару өндірісін жолға қойды. 300 грамдық құтыдағы ұнтақтан 3,5 литр шұбат шығады. Алып өңдеу кешені соңғы үлгідегі заманауи құралдармен жабдықталған. Жобалық құны 7 млрд теңге. Дайын өнім қазірдің өзінде Қытайдың бірнеше аймағына саудаланады. Енді Ресей мен Еуропаға экспорттау жоспарда.

Шолпан Ерболат, сату бөлімінің басшысы:
-Зауыт іске қосылғаннан бері қазірге дейін 200 тоннадан астам құрғақ ұнтақ өнімін өндіріп шығарды. Кептірілген түйе сүті ұнтағын Қытай, Макао және Ганконгқа экспорттап жатырмыз. Қазіргі таңда біз түйе сүтінен 3 түрлі өнім шығарып жатырмыз.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, былтыр елімізге 23 млрд доллардан астам инвестиция тартылған. Негізінен Нидерланд, Швейцария, Америка Құрама Штаттары, Ресей, Қытай және Оңтүстік Кореяның инвесторлары үшін Қазақстан сенімді серіктес болды.

Ғабидолла Оспанқұлов, ҚР Сыртқы істер министрлігі инвестиция комитетінің төрағасы:
-Бүгінгі күні ұлттық инвестициялық цифрлық платформа жүзеге асып жатыр. Ол жердегі жобалар 704 қазіргі уақытта. Бірақ ол өседі алдағы уақытта. 704 жоба 32 трлн теңгеге және сол жобалардың іске асу барысында 130 мың жұмыс орны ашылады. Енді осы жобалар 24/7 режимінде үкіметтің, әкімдердің бақылауында болып отыр. 

Негізгі инвестициялық бағыттарға тоқталсақ, мұнай саласын есепке алмағанда, өндіріс, тауар айналымы мен логистика көш басында тұр.

Авторлары: Дана Әлиева, Самат Оспанов