Хабар телеарнасы

Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 14,25% деңгейінде сақтап қалды

Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 14,25% күйінде сақтайтын болды. Бүгін Бас банк төрағасы БАҚ өкілдері алдында мәлімдеме жасады. Базалық мөлшерлеменің банкпен байланысқан әр адамға маңызы бар. Оның қазіргі шамада қалуы біршама болжамға байланысты. Мәселен, жаһандық және ішкі инфляция. Әлемдік экономикада тұрақтылық сақталғанымен ел ішінде инфляция қысымы күшті. Ол азық-түлік, басқа тауар мен кейбір қызметке бағаның өсуімен байланысты. Тимур Сүлейменов: «Ұстамды әрі қатаң ақша несие саясаты инфляцияны алдағы жылдары бәсеңдетуге алып келеді», – дейді. Биыл инфляциялық болжамдар өзгеріссіз. Бұған дейін айтылған 7,5-9,5% мөлшерінде. Келесі жылы бәсеңдеуін күтеміз. Ол 5,5-7,5% аясында болады. Ал 2026 жылы ұстамды әрі қатаң ақша-несие саясаты жүргізілсе, 5% дейін төмендейді деген болжам бар. Бренд маркалы мұнай бағасы биыл баррельіне 84,5 долларға болжанса, келесі жылы 82,5%, ал 2026 жылы 77,5 долларға дейін төмендейді.

Көпшілікті алаңдатқан тағы бір мәселе, Үкімет бюджеттің жыртығын жамауға Ұлттық қордан қосымша 3,2 трлн тг алатын болды. Бас банкир мұның негізгі себебін атады. 

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:
-Біздегі бюджет шығындарының көбісі қысқартуға жатпайды. Әскер, қорғаныс, төтенше жағдайлар, зейнетақы, денсаулық сақтау, тағысын тағылар. Бұл салалардың ақшасын кесуге болмайды. Оның сыртында корпоративті табыс және қосылған құн салықтары қазынаға жеткілікті түспейді. Ұлттық қордан алынады. Алуға болатын кепілді сома 2 трлн, оның сыртында 3,2 трлн теңге қосымша алынатынын білесіздер. Салықтық түсімдер жақсы болып, ақша несие саясатын қатаң жүргізсек, Ұлттық Қордан көп ақша алудың қажеттілігі болмайтын еді.