Хабар телеарнасы

Ескі көліктерге салынатын салық төмендетіледі

Ескі көліктерге салынатын салықты төмендету. Жаңа Салық кодексінің жобасына осындай өзгеріс енгізілмек. Бұл туралы Мәжілісте құжатты таныстырған Ұлттық экономика вице-министрі айтты.

Азамат Әмриннің сөзінше, қолдануы 10 жылдан асқан автомобиль үшін салық сомасы - 30, ал 20 жылдан асқандары үшін - 50%-ке төмендетіледі. Ол сондай-ақ «сән-салтанат» салығы жөніндегі ұсыныстарды да атады. Оның ішінде жылжымайтын мүлік, қымбат алкоголь мен темекі өнімдері, кеме және ұшу аппараттарына акцизбен қосымша салық салу да бар.

Қоғам жиі көтеретін мәселелерге де назар аударылды. Мәселен, зейнетақы төлемдерін жеке табыс салығынан босату туралы норма енгізіліп жатыр.

Азамат Әмрин, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:

- Бізде 12 салық бар. Бірыңғай жер салығын жеке табыс салығына ауыстыру ұсынылады. Сондай-ақ осы төлемдердің үшеуін алып тастау көзделуде. Бұл – табиғи ерекше аймақты пайдалану, сыртқы жарнаманы орналастыру және жекелеген қызмет түрлерімен айналысқаны үшін лицензияларды пайдаланғаны үшін төлемдер. Тағы 3 төлемді біріктіру ұсынылады.