Хабар телеарнасы

2030 жылға қарай қазақ-қырғыз сауда айналымы 3 млрд долларға жетеді

2030 жылға қарай қазақ-қырғыз сауда айналымы 3 млрд долларға жетеді. Бұған «Қарасу» және «Ақ-Тілек» автожол өткізу пункттерінде салынатын индустриялық сауда-логистикалық кешені ықпал етеді. Бүгінде Жамбыл облысында «Алатау» өңірлік индустриялық аймағы құрылды. Бұл туралы Бішкекте өткен қазақ-қырғыз Үкіметаралық кеңесінің 12-ші отырысында айтылды. Премьер-министр Олжас Бектенов пен Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаров екі елдің мемлекеттік шекарасында автомобиль өткізу пункттерін дамыту жөніндегі Жол картасын іске асыру мәселесін талқылады. Еліміз заманауи автоматтандырылған бақылау және тексеру жүйесін енгізеді. 8 айда екі ел арасында автотасымал 4% ұлғайып, 3 млн тоннаға жетті. Көлеңкелі тауар айналымын қысқарту мен екіжақты уағдаластықтарды іске асыру бойынша бірлескен жұмыс жүріп жатыр. 9 айда тауарайналым 1,2 млрд доллардан асты. Бұл 2023 жылдың осы кезеңінен 1,6% көп.

Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:

-Қарастырылған мәселелерге орай берілген тапсырмалар жаңғырту, өткізу пункттерін кеңейту, су-энергетикалық өзара іс-қимыл, сауда-экономикалық ынтымақтастық, логистикалық және тарату орталықтарын салу мәселелеріне қатысты болды. Қол жеткізілген уағдаластықтар жуық арада екі елдің сауда айналымын ұлғайтуға мүмкіндік береді.