Хабар телеарнасы

Жыл басынан бері заңсыз иемденілген ₸900 млрд мемлекетке қайтарылды

Жыл басынан бері 900 миллиард теңгеден астам заңсыз иемденілген активтер мемлекетке қайтарылды. Бұл туралы Бас прокуратураның Активтерді қайтару комитетінің төрағасы Нұрдәулет Сүйіндіков мәлімдеді.

Мәселен, бүгінгі күні Алматы қаласы Байтақ шағынауданындағы жер учаскесінен 481 млн, Алматы қаласындағы әкімшілік ғимараттан 69 млн, Астана қаласындағы «Думан» қонақүйінен 93 млн теңге актив ел қоржынына түсті. Бұл қаржыға халық қажетіне жарар әлеуметтік нысандар салынып, пайдалануға беру жоспарланып отыр. Заңсыз жолмен алынған тұрғын үй, жылжымайтын мүлік, зергерлік бұйымдар сынды түрлі активтерді тексеру жұмыстары әлі де жүріп жатыр. 

Нұрдәулет Сүйіндіков, ҚР Бас прокуратурасының Активтерді қайтару комитетінің төрағасы: 

- Осы желтоқсанда да ондаған миллиард ақшалай қаражат түсу керек. Мүлікті өткізу бойынша рәсімдер жүріп жатыр. Яғни жылдың қорытындысын жасауға әлі ерте. Келесі жылға да біздің биыл жүргізген жұмыстар өз нәтижелерін беретін болады.