Жезқазған қаласында 27 көпқабатты тұрғын үй апатты жағдайда
«Бұл үйлердің тұрғындарына жаңа баспана салып, көшіруге қыруар қаражат қажет», – дейді жергілікті билік. Әзірге қаладағы бір апатты үй босатылды. Пәтер иелеріне өтемақылары төленген.
Ырсиған қабырға, шіріген баспалдақ, су сорғалаған шатыр. Адам шошырлық бұл 2 қабатты үйде адам тұрады дегенге сену қиын. Бірақ құлауға жақын ғимаратты паналап отырғандар әлі бар. Елена Лихачева осыдан 15 жыл бұрын жарылған құбырдың салдарынан үйдің іргетасы жер астына кете бастағанын айтады.
Елена Лихачева, Жезқазған қаласының тұрғыны:
- Осыдан 3-4 жыл бұрын біздің үй апатты деп тізімге алынды. Қарағанды қаласынан арнайы комиссия да келді. Бұл үйдің апатты үйлер бағдарламасына кіргендігін айтты. Одан кейін «2016 жылы көшіреміз, үй кезегіне тұрыңыздар» деген болатын. Кезекпен барлық тұрғынға баспана беретін болып шешті. Ал жаңа тұрғын үй салынбаса, біздің кезегіміз қалай жылжиды?
Қазір қалада 651 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның жартысы ескі үйлер. 11 үй жаңғырту бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткізілмек. Ал қалған 16 үйді қайта қалыпқа келтіру мүмкін емес, олар апатты деп тіркелген. Өткен жылы бір апатты үйді босату үшін тұрғындарға облыстық бюджеттен 270 млн теңге өтемақы берілген.
Нұржан Орынбаев, Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары:
- Бұл мәселелерді кәсіпкерлермен, сондай-ақ бюджеттен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бағдарламасы арқылы шешеміз деген жоспарлар бар. Жеке кәсіпкерлермен де апатты үйлердің орнына үй салып, тұрғындарға сол салынған үйден сегіз пәтерден бөлу жоспарда бар.
Қауіпті ғимараттарды паналап жүрген халықтың қашан жаңа баспаналы болатыны әзірге белгісіз. Өйткені әкімдік айтып тұрғын жаңа үйлердің құрылысы бүгін-ертең бітпейді. Оның үстіне қазіргі таңда Жезқазған қаласында жалдамалы баспана кезегінде тұрғандардың саны 200-ден асып жығылады екен.
Авторлары: Айнұр Абдиева, Сайлау Игликов