Қазақстанда электромобильдерге сұраныс артты
Қазақстанда электромобильдерге қызығушылық артып келеді. Екі жыл бұрын елімізде небәрі 700 электрокөлік тіркелсе, қазір олардың саны 12 мыңнан асты. Алматы мен Астанада қуаттау орындары жеткілікті болғанымен, өзге өңірлерде тапшы. Жалпы электромобильдің артықшылығы аз емес. Десе де экологияға зиян келтірмейтін көлік мінуге не кедергі?
Алматыда 7 мың, Астанада 3 мың электромобиль жүреді. Бұл еліміздегі барлық электрокөліктің 70 проценті деген сөз. Соған сәйкес ірі қалаларда көлікті қуаттайтын станцияларының саны көбейді.
Кәсіпкер Санжар Асқаровтың пікірінше, тоқпен жүретін автокөліктің артықшылығы көп.
Санжар Асқаров, кәсіпкер:
- Ең бастысы – жанармайға, майға, қосалқы бөлшектерге және техникалық қызмет көрсетуге шығын жоқ. Электромобильдерге техникалық қызмет көрсету қажет емес деуге болады. Бірінші техникалық тексеруден 40 мың шақырым жүргеннен кейін ғана өтеді. Егер адам жылына орта есеппен 20 мың шақырым жүрсе, онда алғашқы техникалық қызмет көрсету екі жылдан кейін ғана қажет болады.
Автосарапшы Эдуард Эдоков екі жыл бұрын электркөлік сатып алып, ауласына жеке қуаттау станциясын орнатты. Оның пікірінше, елміздің өзге өңірлері мен күре жолдарында қуаттау бекеттері өте аз. Себебі инфрақұрылым дамымаған. Сол себепті халық элетрокөлік таңдауға асықпайды.
Эдуард Эдоков, Тәуелсіз автокөлік одағының төрағасы:
- Әсіресе шағын қалалар мен тасжолдарда – бұл үлкен мәселе. Егер алыс сапарға шыққыңыз келсе, бағытыңызды жоспарлап, жол бойында қуаттау станциялары бар-жоғын тексеріп алыңыз. Бір ғана қуатпен келесі станцияға жете алатыныңызға көз жеткізуіңіз керек.
Бүгінде Қазақстанда мыңға жуық қуаттау орталығы бар. Оның тең жартысы Алматыда орналасқан. Биыл жеке компаниялар қалада 100 станция орнатуды жоспарлап отыр. Сондай ақ «Алматы-Қарағанды-Астана» бағытында да қосымша станциялар ашылады.
Ләззат Стамғазиева, ҚР Көлік министрлігінің ресми өкілі:
- Оларды орнату үшін бюджеттен қаражат бөлінбейді. Олар жекеменшік кәсіпкерлердің тарапынан салынады. Ол жол бойында орналасқан қызмет көрсету нысандары бизнес болып келеді. Сондықтан біздің кәсіпкерлердің өзі де осы электромобильдерді зарядттауға мүмкіндік беретін арнайы орындарды ашуға қызығушлық танытып отыр.
Жыл соңына дейін Қазақстанға шетелден электромобиль жеткізушілер кедендік және салықтық баждардан толық босатылған. Сарапшылардың пікірінше, осы жеңілдіктерге байланысты да электромобиль саны көбейді. Ал инфрақұрылымның дамуы үшін жаңа жолдар мен жеке инвестициялар қажет. Қазіргі уақытта электромобиль міну тек ірі қалаларда ғана ыңғайлы саналады. Бірақ қуаттау желісі кеңейген сайын жағдай өзгеруі мүмкін.
А.Садуақас, С.Бейсекенов