Жол ережесін жиі бұзатындарға жазаны күшейту керек
Жол ережесін жиі бұзатындарға жазаны күшейту керек. Айыппұл төлеу кезіндегі 50% жеңілдікті де алып тастау қажет. Сенаторлар осындай бастама көтерді. Бұл мәселе әсіресе Алматыда өткір. 2024 жылы осы қалада жол қозғалысы ережелерін бұзудың 4 миллионнан астам дерегі тіркелген. Оның 3,7 миллионы автоматтандырылған техникалық құралдар арқылы анықталыпты. Тіпті бір адам 143 рет заңды белден басқан. «Қалтасы қалыңдар ол үшін айыппұлын төлеп әрі қарай тайраңдап жүр. Бұған тоқтау болу керек»,– дейді депутаттар. Қажет болса жүргізуші куәлігінен айыруды ұсынды.
Марат Қожаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Ережені жүйелі түрде бұзудың алдын алуға қолданыстағы норма мүмкіндік бермейді. Себебі көлік құралының иесіне ереже бұзудың тарихы ескерілмей айыппұл жазылады. 10 және одан да көп бұзушылығы бар жүргізушілерді жол жүрісі қағидалары бойынша теориялық емтиханды қайта тапсыруға жіберуді міндетті ету маңызды.