Хабар телеарнасы

Көлік жүргізу мәдениеті күрт төмендеді

Жол апаттары жиілеп барады. Жыл басынан бері елімізде жол ережесін бұзудың бір миллионнан астам дерегі тіркелген. Көлік апаты, жылдамдықты асыру, жолдың қарсы бетіне шығу азаймай тұр. Жолдағы жағдайды талдау барысында темір тұлпарды тізгіндеген азаматтардың жүргізу мәдениетінің күрт төмендегені де анықталды. Жүргізушілер бір-біріне құрмет көрсету, жол беру дегенді ұмытты дейді мамандар. 

Дидар Серіков бірнеше айдан бері көлік жүргізіп келеді. Сақтыққа баса көңіл бөледі. Жолда ережені ескермей жүйткитіндер көп дейді.

Дидар Серіков, көлік жүргізуші:

-Қазіргі қысқы уақытта, час пик кезінде ДТП-лар қала бойынша немесе сол жол жүру тәртібін бұзу көп байқалады. Адамдар бір-біріне жол бермей қояды, сол үшін пробка болады. 

Көлік жүргізу мәдениетінің төмендей түскенін елордалық тұрғын Жандос Құсайынов та байқаған. Тіпті қалыпты құбылысқа айналып бара жатқанын айтып, арнайы ролик те түсірген.

Жандос Құсайынов, кинорежиссёр:

-Көбінесе көліктегі адамдардың агрессиясын сол экономикалық немесе әлеуметтік жағдайға әкеп, сүйеп айтады адамдар «енді кімге жеңіл болып жүр»... Бұл негізі ақталу емес. Мына көптеген өркениетті елдерде сигнал беру деген аса бір қатты жағдайда болады. Бізде міне, бағдаршам жасыл жанды, адам бір сәт кідіріп қалған болуы мүмкін. Соның өзінде сигнал беріп үлгереді. Содан кейін сигнал келсін, келмесін беру адамды стрестік жағдайға әкеледі.

Біз қазір Қабанбай батыр және Достық даңғылдарының қиылысында тұрмыз. Мұнда көлік қарқыны өте жоғары. Енді көрейік қаншалықты көлік жүргізушілерінің бір-біріне деген құрметін байқадық. Ал мына көшелерде де көліктер көп. Бірақ даңғылдарға қарағанда әлдеқайда тыныштық басым секілді.

Талдау көрсеткендей, жүргізушілердің көбі асығыстық танытады. Жыл басында «Астана-Көкшетау» тас жолында 95 көлік соқтығысқан еді. Оқиғаға ауа райының қолайсыздығынан бөлек тиісті ережені елемеу, жылдамдықты асыру да себеп болған. Тағы бір мәселе бізде жедел жәрдем мен өрт сөндіру машиналарын бөгейтіндер жеткілікті. Ал өркениетті елдерде бұл көліктерге жол беру – ескертусіз орындалатын ортақ міндет.

Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:

-Бірінші кезекте бұл жерде темір тұлпарға отырған кезде қағиданы сақтап асықпай, сабырлықпен басқарған жөн. Қағидада жазылып тұр. Негізі дабыл сигналдарын, световой, звуковой сигналдарды жол-көлік оқиғасының алдын алу үшін қолданылады.

Ал тиісті ережені сақтау - жүргізуші мен жүргіншіге ортақ талап. Жолдағы тәртіп еліміз бойынша 25 мыңға жуық автоматты тіркеу жүйесі арқылы қатаң бақылауда.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болотбек Табалдиев