Нұрымбет Сақтағанов ШҚО әкімі болып тағайындалды
Шығыс Қазақстан облысының әкімі тағайындалды. Осыған орай Президент тапсырмасы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов пен Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай өңір мәслихаттары депутаттарының жиналысына қатысты. Отырыс барысында Мемлекет басшысының облыс әкімі лауазымына үміткерлер – облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов пен Ұлан ауданының әкімі Арман Бекбосыновты ұсыну туралы хаты оқылды. Ашық дауыс беру нәтижесінде Нұрымбет Сақтағановтың кандидатурасы қолдау тапты. Оған 148 депутаттың 104-і дауыс берді, Арман Бекбосыновты 41 депутат жақтаған. Мемлекет басшысы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Аманұлы Сақтағановты тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Үкімет басшысы бұрынғы әкім Ермек Көшербаевқа нәтижелі жұмысы мен өңірдің дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Ол өткен аптада Премьер-Министрдің орынбасары болып тағайындалған болатын.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
-Экономиканы әртараптандыруға басты назар аудару керек. Осы мақсатта шағын және орта бизнесті дамыту жұмыстары басталды. Өңір экономикасының 40% өнеркәсіп саласына тиесілі. Халықты жұмыспен қамти алатын, тұрақты табыс өсімі мен салық түсімі болатын басты бағыттар айқындалды.