2030 жылға қарай әр екінші жасөспірім семіздікке шалдығуы мүмкін
2030 жылға қарай Қазақстанда әр екінші жасөспірім семіздікке шалдығуы мүмкін. Сарапшылар осындай болжам жасап отыр. Айтуларынша, қазірдің өзінде жағдай мәз емес. Ұлттық Қоғамдық денсаулық орталығының зерттеуіне сәйкес, елдегі әрбір бесінші балада артық салмақ бар. Жағдайды қалай өзгертуге болады?
16 жастағы Самандар Әбдумәліков ұзақ уақыт бойы артық салмақ кесірін көріп келеді. Сондықтан ол жаттықтырушы іздеп, Шымкенттен Астанаға келген. Бүгін алғашқы жаттығу күні.
Самандар Әбдумәліков, жобаның қатысушысы:
-7 жаста болғанда салмағым 55 кг болды. Сол кезден бері әртүрлі фитнес клубтарға бардым, бірақ маған көмектескен жоқ. Осы жолы бәрі басқаша болады деп үміттенемін.
Жаттықтырушы Айтым Жақыпов: «Артық салмақ тастарда алғашқы ай аса қиын»,– дейді. Диета мен спортты өмірге қосу біршама жігерді талап етеді. Бірақ Айтым бастаған «Жаңа мен» жобасына қатысушылар табандылық танытты. Нәтижесінде 3 жылда қатысушылар 1,5 тоннаға жуық салмақ тастапты.
Айтым Жақыпов, жобаның негізін қалаушы, жаттықтырушы:
-Біз қатысушылардың проблемасының астарын көреміз. Арықтау үшін тек жаттығу жасау жеткіліксіз. Психологиялық көмек те керек. Көбіне семіздікке шалдыққан адамдарға ортақ дүние бала кезде тамаққа қатысты қойылған түрлі шектеулер деп есептеймін. Егер бала дұрыс тамақтансын десек, онда өзіміз де дұрыс тамақтануымыз керек.
Балалардағы артық салмаққа тағы бір себебі – мектеп асханаларында ұсынылған мәзір. Қазақ тағамтану академиясы басшысының айтуынша, бұл мәзірлер ескірген нормалар мен стандарттарға негізделген. «Тағамдар құрамында қант пен тұз көп. Пайдасынан гөрі зияны басым»,–дейді. Бірақ жуырда асханалардағы ас мәзірі қайта қаралуы мүмкін. Құжат 29 қаңтарға дейін «Ашық» порталында көпшілік талқылауында болады.
Алмаз Шарман, Қазақ тағамтану академиясының президенті:
- Біз мектеп оқушылары мен мектепке дейінгі ұйымдар үшін тамақтану стандарттарын әзірледік және бұл стандарттар бекітіледі деп үміттенеміз. Балалар ақуыздармен, көкөністермен, жемістермен, дәнді дақылдармен және сүт өнімдерімен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілуі керек.
Артық салмақ көбіне жасөспірім кезде жиналады. Бұл түсінікті де. Физикалық белсенділік төмендейді, ал фаст-фуд қолжетімдірек болады. Бірақ жағдайды түзету өз қолымызда. Белсенді өмір салтын ұстанып, өзгерісті өзімізден бастасақ, балаларға да үлгі болуға болады. Бәлкім сонда мамандар айтқан қорқынышты болжам да орындалмауы мүмкін.
Авторлары: Дана Әлиева, Айгерім Бегенова, Бауыржан Ебелеков