Биыл Абай облысында үш соғыс ардагері Жеңістің 80 жылдығын қарсы алады. Абдығали Қаймолдин, Иван Шевцов және Григорий Маларов салтанатты шеруді күтіп жүр.
Әбдіғали Қаймолдин 1921 жылы бұрынғы Абыралы ауданында дүниеге келген. Жиырма жасында сұрапыл соғысқа аттанып, Сталинград, Украина, Беларусь және Балтық майдандарында шайқасты. Қария «Қызыл жұлдыз», І дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталған. 103 жастағы ақсақал жастарға ақ батасын берді.
Ал Иван Шевцов майдан даласына 18 жасында аттанған. Соғыс жылдарында Қызыл әскер қатарына шақырылып, Польша мен Чехословакияны азат етуге қатысты. Майдангер ерлігі үшін II дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендерімен және адал еңбегі үшін медалімен марапатталған. Соғыстан кейін кәсіпорында жұмыс істеп, сол жерден зейнетке шықты. Жеңіс күнін қарсы алған сәт жауынгердің жадында жатталып қалғандай.
Иван Шевцов, соғыс ардагері:
- Мен ол кезде Рижск әскери округінде болатынмын. Біз қатарға тұрып, түскі асқа бара жаттық. Сол кезде кенеттен соғыстың аяқталғаны туралы хабар келді. Сол сәттегі қуанышымды айтып жеткізе алмаймын. Бөркімізді аспанға аттық, қуаныштың көз жасымен бір-бірімізді құттықтадық.
Марат Әленов, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:
- Биыл соғыс ардагерлерінің барлығына 5 млн теңгеден беруді жоспарлап отырмыз. Қайтыс болған ардагерлердің жұбайларына, тыл еңбеккерлеріне және Ленинградты қорғауға қатысқан азаматтарға да материалдық көмек көрсетіледі. Облыстық бюджеттен барлығы 198 млн теңге бөлінген.
Айта кетейік, өңірде соғыс ардагерлерінен бөлек, 1590 тыл еңбеккері тұрады. Олардың әрқайсына 200 мың теңгеге дейін сыйақы беріледі.
Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов