Мәжіліс депутаттары зияткерлік меншік мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Түзетулер Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты жолдауын жүзеге асыру мақсатымен әзірленген болатын. Зияткерлік меншік құқығы мәселелеріне әділеттік орнатуға Әділет министрі келіп, дептутаттардың сұрақтарына жауап берді.
Әділеттік орнату оңай болсын ба, 2 кодекс пен 5 заңға толықтырулар енгізілген. Тауар белгісі ретіндегі белгілеуді тіркеуге қарсылық беру мерзімін бір айдан екі айға дейін ұлғайту ұсынылады. Ал оның экспертизасы керісінше 7 айдан 3 айға қысқарту көзделуде.
Қатты айтылған мәселеге келейік. Туындыны қолданудан түскен ақшаны жиып, бір бөлігін авторға беретін қоғамдардың араны ашылған дегенге саяды Аралбайұлы Нартайдың айтқаны. Қазақстанда 15-16 авторлық қоғам болса, солар түскен ақшаның 70%-ын ұстап қалып, тек 30%-ын ғана авторға төлейді екен. Заңға сәйкес, керісінше 70 пайызды автор алуы тиіс.
Нартай Сәрсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- 2023 жылы ұжымдық авторлық ұйымдарына біздің елімізде 1 млрд 550 млн тг түскен. Соның 439 млн теңгесі ғана авторларға барған. Яки үштен бірі. Шәмші Қалдаяқовтың 55 әнін орындағаны үшін авторлық қоғамдар 3 айда Қалдаяқовтың ұрпағына 22 мың тг төлеген. Қазір ол сома 18 мыңға түсіп кетті.
Авторлық және сабақтас құқықтар заңының 16-шы бабы авторларға олардың әр туындысы үшін қаламақы алуды қарастырады. Осы ретте депутаттар әншілер үшін алаңдаушылық білдірді.
- Олжас Құспеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Біздің заңнамада авторлық құқық объектісіне жататын туындылардың ретрансляциясы үшін сыйақы көзделмеген. Мысалы, Роза Рымбаеваның әндері ретрансляцияланып жатады, бірақ ақша төленбейді. Яғни оның құқығы бұзылуда. Заңнамадағы олқылықтарды қалай түзейсіздер?
Анас Баққожаевтың айтуынша, аграрлық ғылым саласында ғылыми туындылардың авторлары көп, бірақ ақша жоқ.
Анас Баққожаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бір ғалым бір өнімді жасаған. Авторы — өзі. Бірақ сол өнімді сатқан институт 100 млн теңгеден аса табыс тапқан. Ғалымның 10 млн теңге алуға құқығы бар, бірақ оған бар болғаны 500 мың теңге ғана төлеген. Қасында жүрген інілері, балалары, әріптестері мен жас зерттеушілер мұны көріп отыр. Сонда олар: «Егер менің интеллектуалдық еңбегім осылай бағаланса, не үшін жұмыс істеуім керек? Ертең-ақ шетелге кетіп қаламын ғой», — деп ойламай ма? Осы аграрлық саладағы ғалымдардың еңбегін зерделеп, үлкен бір ревизия жасауға дайынсыз ба?
Ерлан Сәрсембаев, ҚР Әділет министрі:
- Осы мәселені қазір сізден естіп отырмын. Оны зерттеуге дайынбыз.
Әдетте Үкімет мүшелерінің үрейін алатын Бақытжан Базарбек бұл жолы жұмсақ сөйледі. Бірақ қатаң шара күтеді.
Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Сіздер авторлық қоғамдарды қашан тексересіздер? Қашан қылмыстық істер қозғалады? Құқық қорғау органдарының материалдары, жалпы сіздер бұл мәселемен айналысасыздар ма?
- Сіз айтқан сынмен толық келісемін. Өкінішке қарай мен де, басқа біреу де бұл саладағы нақты картинаны айтып бере алмайды, себебі ашықтық жоқ. Сондықтан саланы цифрландыру керек деп санаймыз. Авторлық қоғам да, авторлар да цифрлық келісімдер жасауы тиіс. Сонда жағдайды барлығымыз көре аламыз.
Ал қатаң бақылау мәселесіне келсек, Әділет министрлігі жауапкершілікті осы заң жобасы аясында қарастыру ниетіміз бар, - дейді. Айтуларынша, Қылмыстық Кодекстің 198-бабын кеңейтіп, зияткерлік меншіктің талан-таражға салынуына жауаптылықты енгізібек екен. Ол аз десеңіз, авторлық құқықтың бұзылғаны үшін әкімшілік жауапкершілік те жоқ екен. Оны да кіргіземіз деп отыр.
Ринат Зайытов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Бұл заң жобасы соңғы отыз жылдан астам уақыт бойы бірнеше автордың ғайыпқа кеткен қаражатын бір ізге түсіруге бағытталған. Қазақстанда басқа мемлекеттің өнертапқыштардың авторлық құқығы қорғалады, ал отандық авторлардың құқығы халықаралық деңгейде жеткілікті дәрежеде қорғалмай отыр. Жоғалып жатқан қаражат көлемін өздеріңіз де естіп отырсыздар. Осы мәселені жүйелеп, мемлекеттік тізілім жасап, ашықтықты қамтамасыз ете алсақ, бұл Мәжіліс пен Үкіметтің маңызды әрі оң жұмыстарының бірі болары анық.
Берік Дүйсенбай, тілші:
- Депутат Құспеков құқығы бұзылды деген Роза Рымбаеваға хабарласып едік, жазбаша былай деп жауап қатқан екен. «Мен ешқашанда қанша әнім радио, теледидардан орындалса да ешқандай ақша алған емесепін». Жалпы кез келген саладағы автор үшін зияткерлік меншік құқығының жүйеленуі аса қажет қадам. Онсыз нарықтық қоғамда әділеттіктің орнай қоюы екіталай.
Берік Дүйсенбай, Таир Мерекенов