Жыл басынан бері Алматы тауларында 100 шақты адам құтқарылды

  • 52
  • 14.05.2025, 18:34

Алматыда жыл басынан бері тауда адасып немесе жарақат алып қалған 100 шақты адам құтқарылған. Табиғаттың тосын мінезіне тап болған туристердің көбі қарапайым қағидағларды сақтамайды, - дейді құтқарушылар. Соның салдарынан үш адам қаза тапты.

Төтенше жағдайлар департаменті мен құтқару қызметінің мамандары Алатаудың бөктеріне сапарлауда қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады. 

Алатаудың бөктері тәжірибесіз турист үшін қыста да, жазда да қауіпті. Тау биіктеген сайын қатер де көбейе береді. Сондықтан Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері қауіпсіздік ережелерін естен шығармауды ескертеді. Әйтпесе қарапайым саяхат қайғылы оқиғамен аяқталуы мүмкін. Таудың тылсым күшін болжау қиын. Кейде қар көшеді, енді бірде тас құлайды. Жуырда жазатайым жағдай болып, 20 жастағы қызды тас басып қалды.  

Бақыт Данабеков, құтқарушы:

- Шығатын бағыттарды алдын ала анықтап, көбірек ақпарат жинап, соған байланысты киініп, дайындалып, тамақ, суын алып алу керек. Әрдайым үйден шығар алдында жақындарына қай жерге, қай шатқалға кетіп бара жатқаны туралы, қай уақытта оралатыны туралы ақпарат қалдыруы тиіс. 

Алматының құтқару қызметі жыл басынан бері 80-нен аса іздеу жұмыстарын жүргізіп, 100 шақты адамды құтқарған. Туристердің саны артқан сайын көмекке жүгінушілер де көбейіп келеді. Саяхатшылардың дені тұманды күндері немесе түнде адасып кетеді екен. 

Денис Ярцев, қалалық ТЖД басқарма басшысы:

- Таудағы негізгі жолдарда 18 үйшік бар. Табиғаттың тосын мінезіне тап болғандар бас сауғалауға болады. Одан бөлек туристер санының артуына байланысты үш құтқару пункті жұмыс істейді. Төртінші пункт салынып жатыр. Былтыр 90 адам құтқарылды, оның оны бала. 

Сондай-ақ мамандар тауға жалғыз шықпауға кеңес береді. Алғашқы көмек құралдарында ұмытпаған жөн. Әсіресе әлеуметтік желіде айтылатын жаңа бағыттарға бармау керек, - дейді құтқарушылар.

Аршын Кемелжан, Кенже Амраев