Қайтарылған активтер есебінен 300-ге жуық әлеуметтік нысан бой көтерді

  • 19
  • 27.06.2025, 18:35

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары аясында 2022 жылдан бері мемлекетке 1 триллион 152 миллиард теңгеден астам актив қайтарылды.

Бұл туралы жемқорлар қаржысына салынған нысандарды аралауға арналған бағдарлама барысында белгілі болды. Антикор қызметкерлері заңсыз иеленген қаржы мен мүліктерді кері қайтару үздіксіз жалғасып жатқанын мәлімдеді. Бұл үшін халықаралық ұйымдармен де байланыс орнаған.

Бір жылдан астам уақыт бұрын пайдалануға берілген №97 мектеп-гимназиясында мұғалім мен оқушы үшін барлық жағдай бар. Білім ұясы жемқорлардан қайтарылған 4 млрд теңгеден астам қаржыға тұрғызылған. Ктапхана Мәжіліс залдарын айтпағанның өзінде, пәндік бөлмелер интерактивті тақтамен қамтылған. Сондай-ақ бір кіші және бір үлкен спорт залы бар.  

Сайраш Алпысбаева, қала тұрғыны:

- Бұл мектеп өте жоғары деңгейде салынған. Біз өте жақын тұрамыз. Ылғи байқап отыратыным, іші де, сырты да, жалпы мұғалімдері де, әріптестері де өте керемет деп ойлаймын. Осыдан кейін осы мектепте жақсы-жақсы оқушылар шығады деп ойлаймын.

№96 мектеп-гимназиясы да мемлекетке қайтарылған қаражат есебінен бой көтерген. Мұнда екі мыңнан астам бала оқиды. Жалпы соңғы үш жылда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес аясында 1 тлрн 152 млрд теңгеден астам қаржы қайтарылса, оның 300 миллард теңгесі шетелден. Жемқорлар қаржысы есебінен әлі 20-дан астам білім ұясы бой көтермек.

Данияр Бегайдаров, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің ресми өкілі:

- Мемлекетке активтерді қайтару аясында бізде жұмыстар жүргізілуде. Білім қорына 153,3 млрд теңгеден астам ақша құйылды. Оның аясында 89 мектепті салу жоспарланды. 61-і салынып, қазіргі таңда білім беру салына берілді. Сонымен қатар әлеуметтік қорға белгілі ақшалар қайтарылуда. Осы ақшалар аясында 300-ге жуық мекеме салынуда.

Ал табиғаты әсем, көрікті жерге орналасқан бірнеше коттедж бұрынғы Қайрат Сатыбалдының иелігінде болған. Қазір мұнда ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған кеңес беру орталығы мен түзету кабинеті орналасқан. Ғимарат тәркіленген соң жөндеу жүргізіліп, жұмыс істеуге лайықталған.

Сәния Ташмақова, «№4 психологиялық-педагогикалық кеңесі» КММ басшысы:

- Бұл белгілі азаматымыз Сатыпалдыұлының қылмыстық ісі бойынша қайтарылған актив. Оның ішінде бір гектардан астам жер бар, бірінші бағалау сомасы 5 млрд теңгеден асады. Сонымен қатар, Барап ауылдық округінде орналасқан балаларға арналған лагерь де бар, оның бағасы 7,9 млрд теңгеден астам.

Мұнда әрбір балаға жіті көңіл бөлінеді. Оларға көмек көрсету, жаттығу жасау және өзге де қажеттіліктеріне орай барлық жағдай жасалады.

Данияр Бегайдаров, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің ресми өкілі:

- Коллегиялық шешім шығарамыз. Сосын қорытынды береміз де, ата-аналар қажетті мекемелерге барады: реабилитациялық орталыққа, арнайы топқа, арнайы балабақшаға, арнайы мектепке немесе арнайы сыныпқа. Инклюзия бойынша балалар мектепке қабылданады, ал біз бағдарламаға сәйкес қандай мамандар – педагог, психолог, дефектолог немесе сурдопедагог жұмыс істейтінін жазып береміз.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері халықаралық ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс жасауда. Бүгінге дейін қайтарылған қаражат есебінен мектеп, балабақша, спорт кешендері және өзге де әлеуметтік нысандар салу жалғасын табады.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Мейірбек Беспаев