Биыл Астанамыз 27 жасқа толды. Қала атауы өзгергеннен кейін іргесін нығайтып, болашаққа қарай бет алды. Қазір елорда адам танымастай өзгеріп, биік ғимараттар бой көтеріп, қала көлемі үш есе ұлғайды. Көші-қон қарқыны артқан сайын әлеуметтік мәселелер қалай шешіледі? Алдағы онжылдықта қандай нысандар салынады?
1998 жылы іргетасы қаланған Астана бүгінде еліміздің жүрегіне айналды. Алғашқыда аумағы небәрі 25 мың гектарды құраған шағын қала қазір 80 мың гектарға дейін ұлғайып, дамудың жаңа белесіне шықты. Қазір жастар үшін елорда — «Астаналық арманның» символы. Сол арманның жетегінде келгендердің бірі — 27 жастағы Нұрсұлтан Тасвинов. Ол мұнда білім алып, отбасын құрған. Бүгінде бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған әке.
Нұрсұлтан Тасвинов, қала тұрғыны:
- Астанаға 2014-те келдім. Астана өзімізге өте ұнайды . Осында өзімнің жеке кәсібімді ашып, сәлде болса үлесімді қосып жүрмін. Шетелден серіктестеріміз келгенде Астананы еркін көрсете аламыз.
Диана Сарсембетова, қала тұрғыны:
- Өзім қазір музыка және хореография пәнінің жекешісімін. Елордамыздың бүлдіршіндеріне, балаларына музыкадан сабақ беремін. Мен келген жылдары балабақшалар аз еді. Мектептер аз еді. Қазір көптеген бала-бақшалар ашылып жатыр, мектептер қанша ма. Өзіміз мұхит аралына балаларымызды жиі алып барамыз. Ханшатыр бар, Бәйтерек бар. Өнер саласында театрымыз бар.
Диана Қадыр, тілші:
- Елордада орналасқан бұл мұхит аралы — әлемде мұхиттан ең алыста салынған нысан ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген. Мұхитқа дейінгі қашықтық шамамен 3 000 шақырым. Мұнда 3 миллион литр су мен 2 000-нан астам теңіз тіршілігі мекендейді. 70 метрлік су асты туннелі — кешеннің басты ерекшелігі.
Қымбат Үсен, демалыс кешенінің маркетолог маманы:
- Жыл сайын мұндағы су жануарларын тамашалауға 600 мың қонақтар келеді. Оларды күту ісімен 30-ға жуық қызметкер айналысады. Мұхит аралындағы балықтардың 95%-ы шетелден, яғни әртүрлі климаттық белдеулерден, экзотикалық аймақтардан әкелінген. Жыл сайын 5-ке жуық жаңа жеткізілімдер ұйымдастырылады. Сонымен қатар, отандық бекіре тұқымдастар, тұқы, сазан сияқты балықтар.
- Жаңа шоуды тамашаладық. Русалочкамен. Және балаларға акулалар қызықты болды.
- Біз қонақ болып Шымкент қаласынан келдік. Астана қаласының туған күніне. Азиядағы ең үлкен мешітке, керемет океанариумға келдік.
- Біз Екатеринбургтан қала күнін көру үшін келдік. Бізге Астана ұнап жатыр. Кеше базарға бардық. Ерекше. Жаңа, заманауи ғимараттар да қала көркін аша түседі.
Қаланың бас жоспары бұған дейін үш рет өзгертілген. Бұл — 2035 жылға арналған жаңа жоспардың үлгісі. Онда жағалау кеңейіп, жаңа көшелер салу, Республика сарайы мен Қабылдау үйі сияқты ірі жобаларды іске асыру көзделген. Сонымен қатар екінші айналма теміржол мен әуежайдың қосымша ұшу жолағы іске қосылады. Маманның айтуынша, жоспарға резервтік аумақтар да енгізілген. Ірі инвесторлар тартылса, жаңа жобаларды қабылдауға елорда дайын.
Гүлдана Әбіш, «Астана Бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС мамандандырылған шеберханасының бас маманы:
- Қала қарқынды түрде дамып жатыр. Әртүрлі әлеуеметтік нысандар салынып жатыр. Біз әртүрле шетелдік компаниялармен жұмыс істейміз. Мысалы, Ұлыбритания, Қытай, Америка, Беларусь, Ресей, Маңғолия. Әртүрлі мемлекеттерден бізге мамандар келіп, өз тәжірибелерімен алмасады. Қазіргі уақытта біз Араб Әмірліктерімен жұмыс істеп жатырмыз. Аэропорттың екінші ұшу жолағын салу үшін.
Мамырдағы дерек бойынша Астананың халық саны 1,5 миллионнан асты. 2035 жылға қарай бұл көрсеткіш 2,5 миллионға жетеді деп күтілуде. Осыған байланысты алдағы он жылда әлеуметтік нысандар екі есеге артады. Қазір қалада 200-ге жуық мектеп, 175 балабақша және 45 спорт нысаны жұмыс істейді. Көші-қон қарқынына сай тұрғын үй құрылысы да ұлғаяды. Жауаптылардың айтуынша, бас қалада әлеуметтік мәселелерді шешу – бас жоспардың басым бағыттарының бірі.