Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің күн тәртібі бекітілді

  • 11
  • 16.09.2025, 19:59

Ұйым хатшылығының отырысында ертең басталатын құрылтайдың күн тәртібі бекітілді. Оған сәйкес, жиын аясында діндердің бітімгерлік әлеуеті, цифрлық даму мен жасанды интеллект дәуіріндегі рухани құндылықтарды дәріптеу сынды сегіз тақырып талқыланады. Сондай-ақ бірнеше көрме, екіжақты кездесулер де өтеді.

Әлемдік және дәстүрлі дін көшбашыларының әр 2-3 жылда Астанада бас қосуы дәстүрге айналды. Сегізінші съезі бұрынғыдан да мазмұнды форматта ұйымдастырылып, тақырыптары жаңарып, ауқым кеңейген. Оның күн тәртібінде қазіргі кезеңдегі ең өзекті мәселелерді қарау ұсынылды. Бүгінгі хатшылық отырысында ол жалпы талқыға шығарылып, бірауыздан мақұлданды. 

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының басшысы:

- Біздің жиын халықаралық қатынастар жүйесі өзгерістерге ұшырап, жаңа сын-қатерлер пайда болған және бұрынғылары шиеленісе түскен күрделі кезеңде өтіп отыр. Әлемдік діндер көшбасшыларының жұдырықтай жұмылуы жаһандық проблемаларды шешуге, әлемдегі шиеленістерді азайтуға және диалог пен өзара құрмет мәдениетін дәріптеуге ықпал ететінін көріп отырмыз.

Сонымен алдағы екі күнде 8 тақырып қамтылады. Оның ішінде «XXI ғасырда адамзатты жұмылдырудағы діндердің рөлі», діндердің бітімгерлік әлеуеті, цифрлық даму мен жасанды интеллект дәуіріндегі рухани құндылықтарды дамыту сияқты бағыттар бар. 

Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти:

- Жасандаы интелектіге қатысты алдағы жиындарда ислам ғаламдары өздерінің ойларын айта жатар. ҚМДБ осыдан бірнеше жыл бұрын цифрлық даму бөлімін аштық. Біз жасанды сананы дамыту, оны дін саласында қолдану бағытында жұмыс жасап жатырмыз. 

Съезд жұмысында діндер диалогына арналған пленарлық мәжілістер мен төрт секциялық отырыс өтеді. Ал сараптамалық дөңгелек үстелде діни дипломатияны ғылыммен ұштастыру мәселелері талқыланады. Бүгін БҰҰ Өркениеттер альянсының діни нысандарды қорғау жөніндегі арнайы сессиясы ұйымдастырылды.

Яхья Серджио Яхе Паллавичини, Итальяндық Ислам діни қоғамдастығының өкілі:

- Киелі жерлерді қорғау үшін келесі бағыттарда жұмыс істеу керек. Біріншісі мәдени айырмашылықтарды құрметтеуге және діни сенім бостандығына тәрбиелеуіміз қажет. Екіншісі заңды түрде мектептер мен ауруханалар сияқты шіркеулерді, мешіттерді, синагогаларды және зираттарды қорғауды қамтамасыз ету. 

Джо Бэйли Уэллс, Англикан қоғамдастығы бас хатшысының орынбасары:

- Алғаш рет киелі жерлерді сақтау жеке тақырып ретінде көтерілуде. Дүниежүзіндегі көптеген діни нысандарға қазір қауіп төніп тұр немесе жойылып кеткен. Біріккен Ұлттар Ұйымының арнайы сессиясының басты мақсаты – киелі жерлерді қорғау және сол арқылы адамдарды қорғау. Әлемге толеранттылық, бірге өмір сүру және өзара қамқорлық құндылығын дәріптеуге шақырамыз.  

Хатшылық отырысында Съездің Ізгі ниет елшілері сайланды. Мамандар бұл қазіргі таңда Съездің идеялары мен құндылықтарын әлем бойынша дәріптеудің тиімді тетіктерінің бірі екенін айтады. Сондай-ақ Съезде қабылданатын «Астана бейбітшілік декларациясы» талқыланды. Аталмыш маңызды құжатта рухани көшбасшылар қазіргі сын-қатерлерге қарсы тұру жөніндегі ортақ көзқарасын білдіреді. Ал мынау «Қасиетті кітаптар» көрмесі. Бұл да құрылтай қарсаңында ұйымдастырылған мәдени шараның бірі. Ол бүгіннен өз жұмысын бастады. Құран, Тәурат, Інжіл, будда жазбалары сынды сирек жәдігерлер көпшілік назарына көрсетіледі. Жалпы саны алпыстан астам еңбек ұсынылған. Арасында Кенесары ханның 18 ғасырдағы Құран кітабы да бар. 

Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:

- Съездің ресми ашылуы ертең өтеді. Ал жабылуы 18-ші қыркүйекке жоспарланған. Осы аралықта жалпы отырстан бөлек онға жуық кездесулер, суреттер көрмесі, жас діни көшбасшылардың екінші форумын өткізу жоспарланған. Оған қоса, келген қонақтардың қатысуымен қазақстандық жоғарғы оқу орындарында дәрістер өткізіледі.

Ердәулет Ыбырайұлы, Самат Оспанов