Таразда қар тазалайтын техника жетіспейді

  • 387
  • 13.02.2026, 21:44

Таразда екі тәуліктен бері тоқтаусыз жауған қарды коммуналдық мекеме мамандары тазалап үлгермей жатыр. Қала тазалығына жауапты мекеме көшелерден 2000 текше метр ақұлпа шығарған. Дегенмен шеткі аудандар әлі де қар құрсауында. Екі тәулік бойы жауған қардың қалыңдығы жарты метрден асып кеткен. Салдарынан шаһардағы көлік қатынасы қиындаған. Соқтығысқан көліктер, жолдан шыққан автобустар бар. Көшелерді омбы қардан тазалау үшін 50-ден аса арнайы техника мен 500-ге жуық жұмысшы жұмылдырылған. Әйтсе де олар үлгермей, әкімдікке қарасты өзге мекемелерден 30 техника көмекке барған.

Алмат Радиков, «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС өкілі:

- Қыстық жолдарды күтіп ұстау бойынша 110 көше бекітілген. Оларлың ұзындығы 343 км құрайды. Қар жауған сәтте олардың барлығын бірден қамтамасыз етуге мүмкіндік жоқ. Себебі қазіргі кезде қосымша техника сатып алу жұмыстары қарастырылып жатыр лизингке. Сол техникаларды алғаннан кейін олардың барлығын қамтамасыз етеміз деген ойдамын.