Жаңа Конституцияда азаматтар үшін не өзгереді?

  • 519
  • 13.02.2026, 21:36

Адам – мемлекеттің ең жоғары құндылығы. Жаңа Конституция жобасында құқықтар мен бостандықтарды қорғау тек қағидат емес, негізгі заңның мәндік өзегі деп көрсетілген. Нақты не өзгереді және бұл әр азаматқа қалай әсер етпек? 

Жаңа Ата заң жобасы адам құқықтарын қорғауды Конституциялық деңгейде күшейтпек. Комиссия мүшелерінің айтуынша, адамның жеке, экономикалық, еңбек және саяси құқықтары қайта қаралып, нақтылаған. Өмір сүру – адамның ең басты құқығы. Өлім жазасына тыйым салу сақталды. «Сонымен қатар ешкімнің өз бетінше өзге адамның өміріне қастандық жасауға құқығы жоқ екені тайға таңба басқандай жазылды», - дейді Бахыт Нұрмұханов.

Бақыт Нұрмұханов, ҚР Конституциялық Сот төрағасының орынбасары:

- Адамның жеке басына қол сұғылмаушылық деген норма пайда болды. Қазіргі Конституцияда ол тек әрбір адамның жеке бас бостандығына құқығы бар деп алынған. Жаңа нормада ол адамның жеке бас бостандығына және жеке басына қол сұғылмаушылық деп алынды.

Одан бөлек, жаңа редакцияда адамды заңда бекітілген мерзімнен артық негізсіз ұстауға, еркіндігінен айыруға қатаң тыйым салынған. Бұл норма жеке бас бостандығын қорғап, құқық қорғау органдарының заңсыз әрекеттерін болдырмауды көздейді. Қолданыстағы Конституцияда 72 сағат ең ұзақ мерзім болып көрсетілген.

Бақыт Нұрмұханов, ҚР Конституциялық Сот төрағасының орынбасары:

- Ол неге олай? Өйткені 2014 жылдан бері бізде Қылмыстық-процестік кодекс бойынша соттың шешімінсіз ұстау мерзімі 48 сағатқа дейін төмендетілді. Қазір мына цифрландыру жүріп жатыр. Басқа да жаңашылықтарының нәтижесінде құқық қорғау органдарына мүмкіншілік беріліп отыр. Бәлкім, болашақта бұл мерзім одан әрі де қысқартылуы мүмкін. Қазіргі таңда мысалы үшін кәмілетке толмағандарға қатысты сотты шешімінсіз ұстау 24  сағатқа дейін қысқарды.

Енді заңды бұзған әрбір адамға оның құқықтары қандай негіздермен шектеліп отырғаны және себептері міндетті түрде түсіндірілуі тиіс. Ол ұсталған сәттен бастап адвокат көмегіне жүгіне алады. Негізгі заңға тек қадір-қасиетті емес, ар-намысты қорғау да енгізілмек. Бұл халықаралық стандарттарға, соның ішінде Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына сәйкес келеді. Сонымен қатар алғаш рет адвокатура институты жеке бап болып көрсетілген. Бұл дегеніміз заң көмегіне Конституциялық кепілдік беріліп, сот процестерінде айыптау және қорғау тараптарының теңдігі қамтамасыз етіледі.

Магеррам Магеррамов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қолданыстағы Конституцияда прокуратура органдарының мәртебесі айқындалғанымен, қорғау тарапы адвокатура көрсетілмеген еді. Бұл белгілі бір теңсіздік тудырды. Енді адвокатураны Конституцияда бекіту арқылы қылмыстық процесте айыптау және қорғау тараптарының теңдігі қамтамасыз етіледі. Бұл азаматтардың сотта өз құқықтарын қорғауына қосымша кепілдік береді.

Сот саласына келсек, қолданыстағы Конституция қылмыстық және азаматтық іс жүргізуді қарастырады. Ал жаңа жобада осының қатарына әкімшілік іс жүргізу нысаны енгізілмек.

Алуа Маханбет, Аманжол Байғазин