Енді шетелде жүрген ата-анадан алимент өндіру жеңілдеп, сот шешімдері өзге елдерде де жедел орындалатын болады. Сенат отырысында балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған халықаралық хаттамалар мақұлданды. Бұл өзгерістер балалардың материалдық құқығын қорғауды қамтамасыз етеді.
Сенат алимент өндіріп алуға қатысты жаңа нормаларды мақұлдады. Хаттамаларды ратификациялау мемлекетаралық деңгейде алимент өндіріп алу рәсімін жеңілдетеді. Құжаттар сот бұйрықтарын сөзсіз тану мен орындауды қамтамасыз етеді. Бұл шара конвенцияға қатысушы елдерде балалардың құқықтары мен материалдық мүдделерін тиімді қорғауға мүмкіндік береді.
Қайрат Тастекеев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Заңның мақсаты – кәмелетке толмаған балаларға алимент өндіріп алу туралы сот бұйрықтарын уағдаласушы тараптардың аумақтарында тануға және мәжбүрлеп орындауға жататын сот актілерінің тізбесіне енгізу жолымен конвенцияға қатысушы мемлекеттердің аумақтарындағы кәмелетке толмаған балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету.
Сенатта бұл мәселе бекер қаралған жоқ. Қазіргі кезде шетелде жүрген борышкерлер Қазақстанда қалған балаларына 47 млн теңгеден астам алимент төлеуі тиіс. Соның 32 млн-ы Ресейден өндірілуі керек, ал Өзбекстан бойынша 24 іс қаралып жатыр. Берешек шамамен 2 млн теңге. Енді борышкерлер балаларға өз еркімен алимент төлемесе, заң бойынша оны мәжбүрлеп өндіріп алуға мүмкіндік бар.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламент Сенатының төрағасы:
- Қаралған хаттамалар Минск және Кишинев конвенцияларына қосылған елдерде балаларға алимент өндіріп алу тетіктерін жетілдіруді көздейді. Осы мақсатпен сот бұйрықтарын тану бөлігінде қажетті түзетулер енгізіліп отыр. Бұл түзетулер балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау тиімділігін арттырады деп сенеміз.
Халық мүддесі басты назарда
Сондай-ақ сенаторлар бірнеше депутаттық сауал жолдады. Бекбол Орынбасаров тұрғын үйлердегі ортақ мүлікті заңсыз иемдену фактілері көбейгенін хабарлады. Ол техникалық қабаттар мен жертөлелерді өз бетінше қайта жабдықтап, сату жағдайлары жиілегенін атап, Бас прокурорға сауал жолдады.
Бекбол Орынбасаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Бұл өтініштерді талдау заң бойынша барлық пәтер иелеріне ортақ үлестік бөлінбейтін меншік құқығымен тиесілі болуы тиіс ортақ үй – мүлік заңсыз иеліктен шығаруға және басып алуға байланысты құқықбұзушылықтардың жаппай сипат алғанын көрсетеді. Техникалық қабаттар мен жертөлелерді өз бетінше қайта жабдықтау және оларды кейіннен сату фактілері қолданыстағы заңнама нормаларымен азаматтардың құқықтарын өрескел бұзатын үйреншікті практикаға айналуда.
Ал сенатор Талғат Жүнісов Ақмола облысындағы теміржол аялдамаларын жою мәселесін көтерді. Оның айтуынша, «Ақкөл» және «Жақсы» станцияларында пойыздардың тоқтамауы 100 мыңнан астам тұрғынның қатынасын қиындатады. Сонықтан сенатор аталған станцияларда аялдамаларды сақтап қалуды ұсынды.
Алуа Маханбет, Мейірбек Беспаев