Алматы облысында сотталғандар онлайн тапсырыс бере алады

  • 10
  • 15.04.2026, 21:40

Алматы облысы Жауғашты ауылындағы №10 түзеу мекемесінде цифрлық технологиялар енгізіле бастады. Колониядағы жазасын өтеуші әйелдер енді тамақ пен қажетті заттарға онлайн тапсырыс бере алады. Ресми өтініштер де енді онлайн жүргізіледі. Оған қоса мекеме аумағында аспаздық дүкен ашылды.

Жазасын өтеушілерге сырттан келетін сәлем-сауқаттың салмағы 20 келіден аспауы керек. Ал алыстағы ағайынның азық-түлік жеткізуі тіпті қиын. Енді сотталғандар жақындарынан сәлем-сауқат күтпей-ақ, арнайы терминал арқылы онлайн тасырыс бере алады.

Санжар Тұрымбетов, кәсіпкер:

- Әр сотталушының өзінің жеке кабинеті бар. Әр сотталушының өзінің аккаунты болады, логин, паролімен сол жеке кабинетіне кіріп, сол жеке кабинетінде ыстық тамақ болсын, заттар болсын тапсырыс бере алады. Тапсырыс берген кезде сол аккаунтта өзінің электронды ақшасы болады. Тапсырыс берген кезде сол электронды ақшадан автоматты түрде ақша шешіледі.

Сондай-ақ түзеу мекемесінің аумағында арнайы дүңгіршек ашылған. Онда ыстық тоқаштар мен самса сынды жеңіл тамақ сатылады. Екінші терезеде тұрмыстық заттар бар. Бұл да жазасын өтеушілердің қажеттіліктерін қамтамасыз етуге арналған.

Жазасын өтеуші:

- Алыстан келетін туыстар бар, мысалы, әйел адамдардың көбісінің. Соның бәрін алып келгенше тамақтары бұзылады. Бұл жерде барлығы сол балғын күйінде алып келінген заттар. Туыстар ақша салып тұрса тапсырысты бере беруге болады. Кез келген уақытта кешкі 8-ге дейін істеп тұрады.

Жауғаштыда сотталғандардың жақындармен жүздесуіне арналған 18 бөлмелі ғимарат салынып жатыр. Онда 2 сағаттан 5 тәулікке дейін бірге уақыт өткізуге болады. Арнайы цифрлық платформа арқылы өтініш беріп, бос бөлменің бірін таңдай алады.

Нұржан Тоқтамысов, Алматы және Жетісу облыстары бойынша ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары:

- Ресми өтініштерге арналған заманауи терминал орнатылды. Сотталғандар өзінің жеке сәйкестендіру номерін жазып, логин мен Face ID жүйесінен өтіп, өтінішін жібере алады. Осы арқылы кез келген құқық қорғау органдарына арыз-шағымын жеткізеді.

№10 түзеу мекемесінде қазір 400-ден астам әйел жазасын өтеп жатыр. Оның жартысынан астамы жұмыспен қамтылған. Яғни киім тігіп, асханада қызмет етеді және металл цехында жұмыс істейді. Кәмелетке толмаған қыздар мен нәрестелі аналар да осында отыр.

Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев