Былтыр өңірде 100 шақты иттен жұқпалы індет анықталған. Егер бақылау шаралары күшейтілмесе, жағдай ушығып кетуі мүмкін. Қостанайлық ветеринарлар осылай деп қағып отыр.
Иттердің бруцеллезге шалдығуы әсіресе ауылды жерлерде жиілеп барады. Оның негізгі себебі иесіз иттердің далада қалған мал өлексесін қорек етуі. Былтыр Әулиекөл ауданында біраз мал басы бруцеллезге ілікті. Жануарларды жаппай зерттеп, тексеру нәтижесінде 80 иттен жұқпары дерт анықталған. «Бұл - аурудың адамдардың арасында таралуына бірден-бір себеп», - дейді мамандар
Талғат Шамшадин, Қостанай облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы:
-Бұл иттерден адамдарға да жұғуы мүмкін. Былай алатын болсақ, 25-ші жылы бізде облыс бойынша 35 адамның бруцеллезге шалдыққаны анықталды. Үй жануары болғасын тамақ берген кезде балалар да, үлкендер де сипалайды, соның бір себебі болып келеді.
Бұралқы иттердің адамдарға шабуыл жасауы да жиілеп барады. Санитарлық дәрігерлердің айтуынша, былтыр облыста 3 мыңға жуық адамды ит тістеген. Ал биыл үш айдың ішінде жарақат алғандар 600-ге жетіпті.
Гүлім Досымова, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
- Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда биыл жануарлардан зардап шеккендердің саны 39 процентке көп. Олардың арасында құтырма дерті белең алып барады. Мысалы, былтыр 3 адам қауіпті індетпен ауыратын жануарлардың шабуылына ұшыраса, биыл 64 адам құтырмасы бар ит-мысықтың тісіне іліккен.
2022 жылдан бері елімізде ит-мысықты атуға, дәрі-дәрмекпен жансыздандыруға тыйым салынған. Қаңғыбас иттерге қарсы шара ретінде тек аулап, уақытша ұстау, залалсыздандыру қаралған. Сосын босатып жібереді. «Бірақ бұдан бұралқы иттердің саны көбеймесе, азайған жоқ», - дейді мамандар.
-Ұстау, стирилдеу, чиптеу жаңағы бұралқы қаңғыбас иттерді жаңағы 15 күн бойы ұстауға біз облыс бойынша жыл сайын, 150 миллиондай қаражат бөлеміз. Үш жыл бойы осы жұмысты атқарып келгенмен, тиімділігі аз болып тұр, сондықтан эфтаназияны қабылдау деген дұрыс деп ойлаймын.
Мағауия Қалиев, тілші:
-Иесіз жануарларды ату керек пе, әлде асырау керек пе. Осы мәселе төңірегінде қоғам пікірі екіге жарылды. «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңға еңгізіліп жатқан өзгерістерге сәйкес, агерессивті немесе ауру иттердің иесі табылмаса, олар жойылуы тиіс. Ұсынылған норма бойынша жансыздандыру эвтаназия, яғни арнайы дәрімен ұйықтату арқылы іске асырылады.
Авторы: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров