Қызылорда облысында су үнемдеу құрылғылары субсидияланады

  • 5
  • 22.05.2026, 19:49

Қызылорда облысында су үнемдеу технологиясын енгізген егіс алқабының көлемі биыл екі есе артады. Былтыр 8 мың гектар болса, биыл 16 мың гектардан аспақ. Тиімді әдіске көшкен шаруалар үшін суармалы суға төленетін субсидия мөлшері 85 пайызға дейін ұлғайтылды. Бұл шаралар 2030 жылға қарай еліміздегі егіс алқаптарын 1 миллион 300 мың гектарға дейін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Сыр өңіріндегі егінді суару үшін 3 миллиард 250 миллион текше метр су лимиті бөлінді. Бұл былтырғымен салыстырғанда 650 миллион текше метрге кем. Мамандар трансшекаралық Сырдария өзенінің жоғары жағындағы су қоймаларында тіршілік нәрінің айтарлықтай аз екенін айтып отыр.

Зейнолла Қазтоғанов, Арал-Сырдария бассейндік су инспекциясының басшысы:  

-Шардара су қоймасынан жоғары орналасқан су қоймаларында жалпы су көлемі 14,3 миллиард текше метр су бар. Былтырғы жылы 16 миллиард текше метр болған. Шардара су қоймасында 5 миллиард 2 миллион текше метр су болса, Көксарай су реттегішінде 813 миллион текше метр су бар. Қызылорда облысының шекарасына 550 текше метр су жіберілуде. Оның негізгі 398 метр куб секунды осы суармалы егістік пен экологиялық жағдайды жақсартуға қазіргі таңда берілуде.

Өңірде биыл 185 мың гектар жерге дән себіледі. Оның ішінде негізгі дақыл күріштің үлесі 70 мың гектар. Яғни бұл көлем былтырғымен салыстырғанда 11 мың гектарға аз. Күріштің орнын енді суды аз қажет ететін жүгері басады. Бұл дақыл жаңбырлатып және тамшылатып суару әдісімен өсірілмек. Мұндай заманауи тәсілді Сырдария ауданының Ақжарма ауылындағы шаруалар да қолға ала бастады.

Қайрат Нұрсейітов, шаруа қожалығының төрағасы:

-Күрішті биыл, 25%-ға азайттық күріштің. Күріш, 600 гектардай күріш азайттық, оның орнына 300 гектар жаңа жүгері, сосын 600 гектар күріштің орнына 300 гектар мақсары егіп жатырмыз. Енді заман талабына сай, осындай дождеваниемен, капельныймен егін егуге жәймен-жәймен көшсек па деп, соны биыл бастап жатырмыз.

Мамандардың есептеуінше, қазіргі заманғы жүйелер суды 30%-ға дейін үнемдейді. Сондықтан мемлекет су үнемдеу технологиясын енгізген шаруаларға субсидия көлемін 85 пайызға дейін өсірді. Егер былтыр облыста 8 мың гектар жерге жаңа технология енгізілсе, биыл бұл көрсеткіш 16 мың гектардан асады деп жоспарлануда.

Дәулетбек Әбдірасулов, Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:

-Алдағы 3 жылға 34 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінді. Биыл оның ішінде 2026 жылға 10 миллиард теңге қаржы бөлінді. Мемлекеттік қолдау пайдалана отырып, биыл су үнемдеу технологияларының көлемі 16 700 гектарға ұлғайту жоспарлануда. Су үнемдеу бағытында аймағымызда биылдан бастап бір қатар ірі инвестициялық жобаларды іске асыру қолға алынды.

Мұнымен қоса, аймақта күріш алқаптарын лазерлік тегістеу жұмыстары да қарқынды. Биыл 65 мың гектар жер осы әдіспен өңделеді. Бұл су шығынын кемінде 20 пайызға азайтуға мүмкіндік береді.

Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев