Батыс Қазақстан облысында көктемгі-дала жұмыстары бел ортасынан ауды. Егіс алқаптарының 56 пайызына тұқым себілді. Шаруалар егіс науқанына қажетті тұқыммен, жанармаймен толық қамтамаыз етілген.
Дәл қазір дала төсінде қарбалас шақ. Көктемнің әр күні жылға азық екенін жақсы түсінетін диқандар таңғы елең-алаңнан қас қарайғанға шейін бел жазбай еңбек етуде. Олардың асығатындай да жөні бар. Өйткені соңғы аптада ауа температурасының 30 градусқа дейін көтеріліп, аңызақ жел соғуы салдарынан топырақта ылғал азайып барады.
Олег Шейко тәжірибелі механизатор. Алып техниканы тізгіндеп, алқаптың апшысын қуырғанына 20 жылға жуықтапты. Бірақ биылғыдай көктемді көрмепті. Наурыздың аяғында күрт жылынған күн сәуірдің ортасында қайта салқындаған. Ал соңғы аптада қайта ысып, аңызақ жел соғуда.
Олег Шейко, тракторшы:
- Күн мамырдың басында салқын боп тұрды. Сол себепті науқанды жылдағыдан кеш бастадық. Қазір жел күшейіп кетті. Ылғал бар кезде тұқым сеуіп үлгерейік деп жанталасып жатырмыз. Осыған дейін күнбағыс пен мақсары, бидай ектік. Енді арпаға көшеміз.
Кәнігі диқан Бейбіт Асанов 12 мың гектар алқапқа астық салады. Бұрын негізінен бидай, қара бидай секілді дәнді дақылдар ғана егетін. Соңғы жылдары майлы дақылдарға ден қойыпты.
Бейбіт Асанов, диқан:
- Былтыр ақбидайымыз 70 мың. Арпа 100 мыңға дейін көтерілді бағасы. Сафлор дейтін, Қытай, Түркия алып жатыр. Сол үшін бағасы олардан кішкене үлкендеу. Ешқандай проблема жоқ. Субсидия беріп жатыр. Тұқымға беріп жатыр. Соның бәріне үкімет көмектесіп жатыр. Жұмыс істеуге керек. Басқа дым да керек емес.
Биыл көктемгі далалық жұмыстарға өңір шаруаларына 9,5 млрд теңге несие берілді. 5% жеңілдетілген несиеге 98 ауылшаруашылық құрылымы қол жеткізген. Оларға кепілдік мәселесіне мемлекет көмектескен. Қажетті тұқым, тыңайтқыш, жанар-жағар маймен шаруалар толық қамтылыпты.
Кеңес Қайдашев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- Көктемгі-далалық жұмыстарға 10,5 мың тонна жанар-жағармай бөлінді. Бағасы 270 теңгеден. Ол Қазақстан бойынша салыстырғанда ол ең арзан баға. Қазіргі уақытта мынадай маржиналды дақыл дейді ғой. Сұранысқа ие. Соған енді көңіл бөлдіреді көбісі.
Биыл өңірдегі егіс көлемі 626 мың гектарды құрамақ. Оның 289 мыңы дәнді, 123 мың гектары майлы дақылдар, қалғаны малазықтық өсімдіктер. Күні бүгін өңір диқандары жоспарланған егіс алқабының 56%-на тұқым сепкен.
Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов