Алматыда Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай Мемлекет басшысының атынан сала мамандарына 60 пәтердің кілті берілді. Салтанатты рәсімге Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысты. Сондай-ақ осы саланың бірқатар қызметкеріне мемлекеттік наградалар табысталды. Министрдің айтуынша, мәдениет қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту, әсіресе тұрғын үй мәселесін шешу басты назарда. Өткен жылы Астана қаласында пәтер сертификаттары табысталған болатын. Биыл бұл игі бастама Алматы қаласында жалғасты. Аида Балаева барлық мәдениет және өнер қызметкерлерінің атынан Мемлекет басшысына салаға тұрақты көңіл бөліп, шығармашылық қауымға қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін алғыс білдірді.
Бүгін марапатқа ие болған азаматтар ел мәдениетіне еңбегі сіңіп, өнердің өрісін кеңейтіп, халықтың рухани өмірін байытып жүрген жандар. Бірі сахнада, енді бірі музейде, шығармашылық ұжымдарда талай жыл еңбек етіп келеді. Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева: «Бұл марапаттар сіздердің қажырлы еңбектеріңізге, кәсіби адалдықтарыңызға және ұлттық мәдениетті дамытуға қосқан үлестеріңізге берілген жоғары баға»,- деп атап өтті. Бүгін Алматыда 13 адам марапатталды. Президент жарлығымен әнші Мейрамбек Бесбаев «Парасат» орденіне ие болды.
Мейрамбек Бесбаев, әнші, «Музарт» тобының солисі:
- Мәдениет саласына, өнер саласына қаншама жылдар бойы тер төгіп, осы елге қызмет жасап жүрген әріптестерімді, достарымды, жалпы мәдениетке еңбегі сіңіп жүрген адамдарды құттықтаймын! Рақмет айтамын. Кеше түнде ғана естідім. Біз әлі де болса жұмыс істейміз. Бізге білдірген үлкен сенімдеріңізге рақмет айтамын!
Сондай-ақ актриса Райхан Қалиолдина, профессор Таңатар Нұралы да «Парасат» орденімен марапатталды. Бұдан өзге «Құрмет» ордені, «Қазақстанның халық әртісі» атағы және «Ерен еңбегі үшін» медальдері берілді.
Қанат Омаров, Т. Әбдірашев атындағы ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің бас дирижері:
- Мемлекетіміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлына алғысымды айтамын. Осындай марапатқа ие болғаныма, осындай пәтерге ие болғаныма қуаныштымын. Қос бірдей қуаныш келіп тұр. Енді, шынын айтқанда, өзім әлі сенбей тұрмын, толқып тұрмын.
Қазақстанда мәдениет және өнер саласында 60 мыңға жуық адам еңбек етеді. Жаңарған Конституцияда да мәдениетке деген жауапкершілік айқын көрініс тапты. Мәдениет ел бірлігін нығайтады. Бұл сала адамды тәрбиелейді және қоғамның талғамын қалыптастырады.
Таңатар Нұралы, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының профессоры:
- Бүгінгі марапат маған өте қуанышты. Өйткені менің алпыс жылдай жұмыс істеген еңбегімді бағалап, осындай марапаттағанына мен шексіз қуаныштымын.
Райхан Қалиолдина, Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының әртісі:
- Бүгін мені қуантқаны – бүкіл өнерге деген көзқарастың өзгергені. Мен соны бүгін байқадым. Қаншама жастарымыз үй алып жатыр. Ол міндетті түрде әртіс болып, музыкант болу емес, қарапайым театрда, сол ансамбльде жұмыс істеп жүрген жұмыскерлер.
Рас, Мемлекет басшысының қолдауы мемлекеттік наградаларды табыстаумен шектелмейді. Мәдениет саласы қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту жүйелі түрде жүргізіліп отыр. «Бүгін берілген пәтер кілттері сол адал қызметтің нақты жемісі»,- деп атап өтті Аида Балаева.
Президент атынан пәтер кілтін алған қызметкердің бірі – Сәния Оспанқұлова. Ол 20 жылдан бері Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған интернатта істейді. Балаларға скрипка ойнауды үйретеді. Оның шәкірттері тек елімізде ғана емес, шетелдерде де өнер көрсетеді. Алайда Сәния Ақылбекқызының осы кезге дейін жеке баспанасы болмаған. Пәтер тұрмыстық техника және жиһазбен толық жабдықталған. Сәния үшін үлкен тосынсый болды.
Сәния Оспанқұлова, А. Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыкалық орта мектеп-интернатының мұғалімі:
- Кеше Президент өз қолымен пәтер кілтін табыстады. Мүлдем күтпеген жағдай болды. Қуанғанымнен қатты қобалжып қалдым. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлына үлкен рақметімді айтамын.
Мемлекет тарапынан пәтер кілтін алғандардың бірі – көпбалалы ана Мадина Доржина. Ол да өмірінің 20 жылын дарынды балаларды тәрбиелейтін мектепке арнаған. Бүгін ол бес баласымен жаңа 3 бөлмелі пәтердің табалдырығын аттады. Мадина Доржинаның қуанышымен ортақтасуға жақындары мен туыстары келіпті.
Мадина Доржина, А. Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыкалық орта мектеп-интернатының есепшісі:
- Біз мына пәтерге есік ашып кіргенде таза күйде берілгеніне, бүкіл жиһазымен ондай күткен жоқпыз. Ол екі есе қуаныш, екі есе бақыт болды. Бұл деген үлкен сый. Өте қуаныштымыз, бала-шағамызбен келіп, қуанышымыз қойнымызға сыймай жатыр.
Қазақстанда мәдениет инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Соңғы бес жылда 150-ден астам жаңа мәдениет нысаны ашылды. Биыл тағы 64 нысанның құрылысы жалғасуда.
Ернұр Рысбай, Радик Жақыпов, Эдуард Кон