1 шілдеден бастап жаңа Конституция ресми түрде күшіне енеді. Негізгі өзгерістің бірі – бірпалаталы Парламентке, яғни Құрылтайға көшу. Оның депутаттары партиялық тізім бойынша сайланады. Сондай-ақ жаңа жүйеде алғаш рет Вице-Президент лауазымы болады. Қазақстан Халық кеңесі құрылады. Бұл орган заң жобаларын ұсынып, бастамалар көтереді. Ұлттық бірлік мәселелері бойынша ұсынымдар әзірлейді. Сонымен қатар адвокатура мен омбудсмен институттарының мәртебесі күшейтілді.
«ҚР Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» заң 1-шілдеден бастап күшіне енеді. Құрылтай 145 депутаттан тұрады. Жаңа заң шығарушы орган 5 жыл мерзімге сайланады.
Марат Башимов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қазір 2 оқылымда біз көреміз. Екінші, үшінші оқылымда қандай заң, не өтіп жатыр, қандай өзгерістер кіргізді, соның бәрін көріп отырады да сарапшылар, депутаттар, қоғам, бәрі талқылайды. Сөйтіп, заңдар кәсіби деңгейге көтеріледі. Сондай нәрселер қазіргі Құрылтайдың компентенциясына кіргізілген.
Өткен аптада Парламент «ҚР Әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» конституциялық заңды қабылдады. Құжатта Мемлекет басшысы, Үкімет және мемлекеттік басқару органдары арасындағы өкілеттіктерді нақты бөлу қарастырылған. Атап айтқанда, Президент облыстар мен аудандарды құру және тарату, сондай-ақ елді мекендерді республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалалар санатына жатқызу мәселелері бойынша шешім қабылдайды. Ал Үкімет Президент қарауына облыстар мен аудандарды құру немесе тарату, елді мекендерді түрлі санаттағы қалалар қатарына жатқызу және әкімшілік-аумақтық құрылысқа қатысты өзге де мәселелер бойынша ұсыныстар енгізеді.
Әли Бектаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Ең бірінші енгізілген мәселе – қандай өзгеріс болса да халықтың өкілдерінің қатысуымен өткен жиындар арқылы, солардың келісімімен жүргізілетіндігі нақты енгізіліп отыр. Екіншіден, ауыл, ауыл әкімшілігі – біздің мемлекетіміздің негізі. Сондықтан қандай өзгеріс болса да ауыл әкімшіліктерінің, ауылдық кеңестердің рөлі көтеріліп отыр.
Бұдан бөлек заң шығару бастамасы құқығына ие субьектілердің қатары кеңейтіліп, оған Қазақстан Халық кеңесі де енгізіледі. Бұл орган аталған құқықты Құрылтайға тиісті шешім енгізу арқылы жүзеге асырады.
Құралай Жұмахан, Азамат Сәметов