Халықтық Конституцияның күшіне енуі бұл – Ата Заңның жаңаруы ғана емес, мемлекет пен қоғам арасында өзара сенімге негізделген мемлекеттік басқарудың жаңа кезеңінің басталуы. Алматыда мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғылыми қауымдастық өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері бас қосып, Жаңа Конституция қағидаттарының мемлекеттік басқаруда, қоғамдық қатынастарда және өңірлердің дамуында қалай жүзеге асатынын саралады.
Алматы – еліміздің ең ірі мегаполисі ғана емес. Бұл ғылымның, білімнің, инновацияның, мәдениеттің және экономиканың орталығы. Ел экономикасының 23,5% Алматының үлесі. Халық саны 2,4 миллионнан асты. «Осындай әлеуеті жоғары мегаполисте жаңа Конституцияның қағидаттары сапалы іске асуы тиіс», - деді қала әкімі Дархан Сатыбалды.
Дархан Сатыбалды, Алматы қаласының әкімі:
- Алматы қаласының 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы да жаңа Конституцияда бекітілген негізгі қағидаттармен үндеседі. Оның басты мақсаты – адамға қолайлы, қауіпсіз, жайлы әрі бәсекеге қабілетті қаланы қалыптастыру. Конституциямыз экономикалық өсімді өз алдына мақсат ретінде емес, азаматтардың әл-ауқатын арттырудың маңызды құралы ретінде қарастырады.
Алдағы 5 жылда жалпы өңірлік өнім көлемін екі есеге арттырып, оны 70 трлн теңгеге жеткізу міндеті тұр. Бұл үшін жоғары технологиялық өндірістерді дамыту, IT-секторды қолдау, инвестиция тарту, креативті индустриялар мен туризмді дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Ахан Бижанов, Алматы қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы:
- Біз бұған тек ғылыми немесе теориялық тұрғыдан ғана қараған жоқпыз. Оны практикалық тұрғыдан қарастырдық. Яғни, Конституцияны қалай насихаттаймыз, оның қандай жолдары бар, оны жүзеге асырудың тәсілдерін қарастырдық. Бұл – өте үлкен, маңызды әрі қажетті жұмыс.
Конституцияның құндылығы оның мәтінінде ғана емес, әрбір азаматтың күнделікті өмірінде сезілуінде. Егер тұрғын қауіпсіз көшеде жүрсе, сапалы білім алса, қолайлы қоғамдық көлікті пайдаланса, таза ауамен тыныстап, мемлекеттік қызметтерді ашық әрі тиімді алса, бұл – Конституция қағидаттарының нақты іске асқанын көрсетеді.
Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон