₸13 трлн бөлінді: Елде коммуналдық-энергетикалық сектор жаңғыртылады

  • 0
  • 28.07.2026, 19:37

2029 жылға қарай елімізде коммуналдық және энергетикалық сектордағы желілердің тозу деңгейі 40 пайызға дейін қысқартылмақ. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2024 жылы қабылданған бағдарлама іске асырылып жатыр. Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту ұлттық жобасы деп аталады. Ауқымды міндеттің атқарылу барысы қалай жүріп жатыр? Межеленген мерзімде саладағы қордаланған түйткілдер шешіле ме? Бүгін Үкімет отырысында осы мәселе қаралды. 

Неге ұлттық жоба деп сұрауыңыз мүмкін, себебі оның ауқымы үлкен. Неге ауқымы үлкен десеңіз проблеманың масштабы «апама жездем сайдың» күйін кешіп тұр. Ұлттық экономика вице-министрінің баяндамасынан түсінгеніміз, бұл мақсатқа қыруар қаражат жұмсалады. Миллиардтарың қайда, триллиондардың әңгімесі. 13 трлн теңге сіз бен біз үшін қолайлылық пен қолжетімділік жолында құрбандыққа шалынбақ.  

Асан Дарбаев, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:

- Коммуналдық секторға 6,8 трлн теңгені және энергетика секторына 6,2 трлн теңгені құрайды. Бұл қаражат 84 мың шақырым желіні жөндеуді және жаңғыртуды, 7309 мегаватт қуатты іске қосуды, 27 энергия өндіру нысанын салуды және реконструкциялауды қамтамасыз етеді. Нәтижесінде желілік инфрақұрылымның тозуы ел бойынша орташа есеппен 40% дейін қысқарады деп күтілуде. Нысандардағы апаттылық деңгейі 25% дейін қысқарады.

Коммуналдық және энергетикалық сектордағы желілер неге тозып кеткен деген мәселе қазір өзекті емес, қайтсек жағдайды түзеу деген мақсат тұр. Жылу, электр, сумен жабдықтау және су бұру салаларында қалыптасқан табиғи монополиялардың 247 субъектісі сілкініске сұранып тұр. Түйткілдің тамыры тереңге кеткені соншалық, алдағы 3 жылда 70 коммуналдық кәсіпорын ғана құрдымға кетуден құтқарылады қысқасы. Биылдың өзінде бұл мақсатқа 625 млрд теңге бағытталмақ. Айтпақшы қаражат қазынадан емес, қарыз капиталы ретінде тартылуда. Ал инженерлік желілерді жаңғыртуға биылдың өзінде 1,1 млрд теңге бағытталып, 12 мың шақырым желі жөнделуі тиіс. Бұдан бөлек, су бұру және сумен жабдықтау желілері бойынша да жаппай жұмыстар басталуда. Ұлттық жобаның тек электрондық платформасының өзінде 330 млрд теңгенің 105 жобасы орналастырылса, жалпы сипаттағы трансферттер аясында:

Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі: -209 млрд теңгеге 516 жобаны қаржыландыру көзделген. Осы жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде 1,9 мың шақырымға жуық сумен жабдықтау және су бұру желілерін реконструкциялау және олардың тозу деңгейін 43% дейін төмендету жоспарлануда.

Ұлттық жоба асында Қазақстандық өнімге басымдық беріледі. 100 пайыз. Екіншіден сатып алуға отандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізілген кәсіпорындар ғана қатысады. Олардың саны 500. Ал сатып алу жүйесіне 14 мың отандық өнім түрі енгізілген.

Коммуналдық салаға триллиондап қаражат құйылатындықтан оның ашықтығы маңызды. Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық цифландырылып, оның экожүйесінің басты элементі ретінде Smart Turmys платформасы іске қосылады. Биыл жыл аяғында оның алғашқы модульдері пилоттық режимде жұмысын бастаса, 2029 жылы 100 пайыз іске қосылады. Ал қуат көздерінің өзіне келсек, биыл 2 жарымға жуық, келесі 825 Мвт ал 2029 жылы 7.3 Гвт қуат көзі қосылмақ. 

Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:

-Аталған қуаттарды іске қосу 2027 жылдың басынан бастап экономиканың электр энергиясына деген қажеттілігін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, ал 2027 жылдың соңына қарай электр энергиясының шамамен 1,3 млрд кВт/сағ көлемінде профицитін қалыптастырады. Сонымен қатар Ұлттық жоба шеңберінде 2028- 2029 жылдары 4 000 МВт-тан астам қуатты іске қосу көзделген.

Энергетика және коммуналдық саланы жаңғырту ұлттық жобасы аясында бүгінге дейін 47 табиғи монополия субъектісі жалпы сомасы 625 млрд теңгеден асатын 318 жобаны қаржыландыру жөнінде Бәйтерек холдингінің батасын алды. 

Премьер-министр атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың барысы жөнінде бірқатар өңір басшыларының да есебін тыңдап, қарқынды бәсеңдетуге жол беріп отырған аймақтар бар екеніне тоқталды. Атырау, Жетісу, Қарағанды және Павлодар облыстарының жоба аясындағы жұмысында оң серпін бар екенін де атап өтті.

Берік Дүйсенбай, Айдос Меделбеков