KAZ Minerals Aktogay кен орны жаңа өндірістік межеге жетті. Кәсіпорын іске қосылғаннан бері сульфидті кеннен 1,5 млн тонна мыс өндірілген. Оның 1 млн тоннасы сульфидті кенді өңдейтін бірінші фабрикада, ал 500 мың тоннасы екінші фабрикада өндірілді. Мамандар: «Бұл нәтиже Ақтоғай өндірістік кешенінің қос фабрикасының бірлескен еңбегінің жемісі», - деп отыр.
Ақтоғай әуел бастан жаңа технологиялық деңгейдегі кәсіпорын ретінде салынды. Жобаның іске қосылуымен бірге Қазақстанға озық технологиялар мен әлемдік деңгейдегі бірегей тау-кен және байыту жабдықтары келді. Фабрикаларда сағатына 4 мың тоннадан астам кен өңдейтін әлемдегі ең ірі конусты үгіткіштер орнатылған. Сондай-ақ мұнда әлемдегі көлемі жағынан екінші орында тұрған ұсақтау диірмендері мен шарлы диірмендер жұмыс істейді. Алғашқы өндірістік қуаттар іске қосылғаннан бері 10 жылға жуық уақыт өтсе де, Ақтоғай әлі күнге дейін Қазақстанның тау-кен металлургия саласындағы технологиялық көшбасшылардың бірі болып қала береді.
Дәурен Байжігітов, №1 байыту фабрикасының өндірістік қызмет бастығы:
- Шын мәнінде, орасан зор өзгерістер бар. Зауытты алғаш іске қосқан кезде жаңа жабдықты игеру, технологиялық процесті жолға қою сынды мақсаттар тұрса, қазір зауыттың жоғары қарқынмен, дамыған автоматтандыру жүйесімен жұмыс істеп отырғанын көріп отырмыз. Бұл мамандардың мол тәжірибе жинақтап, өндірістік процестерді жетілдіргенін және осылайша бүкіл өндірісті жоғары деңгейге жеткізгенін көрсетеді.
«KAZ Minerals Aktogay»-да 2 фабрика бар. «Ақтоғай-1» фабрикасы мыс концентратының алғашқы партиясын 2017 жылғы 28 ақпанда жөнелткен болатын. Содан бері «Ақтоғай-1» жабдықтарды іске қосып, жобалық көрсеткіштерге шығудан бастап, автоматтандыру жүйесі дамыған әрі өнімділігі жоғары кәсіпорынға дейінгі жолдан өтті. Ал «Ақтоғай-2» фабрикасы 2021 жылы пайдалануға берілді. Бүгінде өндірілген мыс көлемі шамамен 500 мың тоннаға жетті. Ақтоғайда жасанды интеллектіні қолданатын шешімдер де сынақтан өтіп жатыр. Жүйе өндірістік параметрлерді талдап, мамандарға жабдықтардың оңтайлы жұмыс режимдерін анықтауға көмектеседі.
Алтынбек Ысқақов, №2 байыту фабрикасының өндірістік қызмет бастығы:
- Фабрика іске қосылған сәттен бастап бүгінгі күнге дейін өндіріс көлемін, кенді ұнтақтауды, мыс және молибден концентратын шығаруды жыл сайын межеден асыра орындап келеміз. Бұл – біздің ұжымның қажырлы еңбегінің нәтижесі. Әрине, жаңа технологиялардың болғаны жақсы. Бірақ кез келген заманауи құрылғының артында кәсіби мамандар тұрады. Олар жаңа технологиялармен қалай жұмыс істеу керектігін жақсы түсінуі керек.
1,5 млн тонна мыс межесіне бүкіл Ақтоғай кешенінің өнімділігі артып жатқан кезеңде қол жеткізілді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша мұнда кен өңдеу көлемі 62,1 млн тоннаға жетіп, рекорд орнатылды. Бұл кәсіпорын жұмыс істей бастағаннан бергі ең жоғары жылдық көрсеткіш. Ақтоғайда өндірілген 1,5 млн тонна мыс түпкі меже емес, кәсіпорын дамуының кезекті кезеңі. Алдағы мақсат – фабрикалардың тиімділігі мен жабдықтардың сенімділігін одан әрі арттыру мен цифрлық шешімдерді дамыту. Бұл ретте басты басымдық қызметкерлердің қауіпсіздігі болып қала бермек.
Құралай Жұмахан, Нұрсұлу Нұртаева