Қазақтың тазысын еуропалықтар тани бастады

  • 22
  • 03.09.2026, 19:48

Бұл күндері Бельгияда «Тазы. Ұлы дала көркі» атты көрме өтіп жатыр. Осыдан екі жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Франция Президенті Эммануель Макронға тазының екі күшігін сыйға артқан еді. Қазір олар есейіп, сымдай тартылып қалған. Қазақ тазысына арналған фотокөрмеге келген жұрттың қарасы қалың. Арасында Еуропарламент депутаттары, Бельгиядағы қала әкімдері, елшілер мен дипломаттар, сонымен қатар халықаралық ұйым, бизнес, мәдениет және БАҚ өкілдері бар. Ұйымдастырушылардың басты мақсаты – еуропалықтарға қазақтың құмайын паш ету.

Ал көрменің дәл Бельгияда өтуінің де өзіндік мәні бар. Осындағы Тюэн қаласында Халықаралық кинологиялық федерация екі жыл бұрын қазақ тазысын мойындап, Қазақстанды осы тұқымның шыққан елі ретінде бекіткен еді.

Абзал Досыман, ұлттық аңшылық клубының мүшесі:

- Біз осы уақытқа дейін Түркия, Финляндия мемлекеттерінде өткіздік. Бұл біздің үшінші фотокөрмеміз. Алдағы уақытта осындай көрмелерді жүйелі түрде ұйымдастырып тұратын боламыз.

Ив де Клерк, Халықаралық кинология федерациясының атқарушы директоры:

- Тұқымды толық мойындау үшін кемінде 10 жыл қажет. Осы уақыт ішінде мамандар тазының дамуын, денсаулығын және өсіп-өну процесін бақылайды. Генетикасын сақтап, өзге тұқымдармен араласып кетпеуіне ерекше мән береді.