Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны, әуесқой кинолог Бағлан Байтықов 40 жылдан бері асылтұқымды тазы бағып келеді. Оның баптаған жүйріктері республикалық және халықаралық көрмелерде талай рет жеңімпаз атанған. Қазір тазылардың ДНҚ-сын еліміздегі Генетика және физиология институтының ғалымдары зерттеп жатыр. Асылтұқымды күшіктерін Бағлан Байтықов сатпайды, көбіне сыйға тартады. Осылайша аңшылық дәстүрдің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуына үлес қосып жүр.
Қазақстанның шығысы – тазы үшін таптырмас мекен. Аң аулауға да, жаттығуға да қолайлы. Сондықтан мұндағы тазы тұқымы белсенді әрі төзімді боп келеді. Алихан Байтықов бұл далада өзін нағыз қазақ, аңшы әрі саятшы сезінеді. Оның «Қара жебе» атты тазысы салмағы 140 келі қабан алған. Алиханға алғашқы тазысын әкесі сыйлапты. Кейін ағасы Бағлан оның қызығушылығын аңғарып, кәсіптің қыр-сырын үйреткен.
Әлихан Байтықов, тазы өсіруші:
- 9 жасымда ең алғашқы тазымды әкем Сағым атты тазымды сыйға берген еді. Сол 9 жасымнан қазірге дейін тазы баптап, босағамыздан, төрімізден тазы үзілмеді. Тазыларымызды Алмасай ауылында ұстаймыз. Осы тазы деген тұқым өзімнің атқа деген құштарлығымды арттырып, осы табиғат аясына шығарып, табиғатқа деген махаббатымды, атқа деген құштарлығымызды арттырды.
Бағлан Байтықов тазы өсірумен 40 жылдан бері айналысады. Қазір оның асылтұқымды тазыларына Қазақстан мен Ресейдің кинологтары қызығушылық танытып отыр. Жуырда күшіктерін алуға Мәскеуден кинологтар келген. Тіпті италиялық ит өсірушілер де таза қанды тазыларды алғысы келеді. Бағлан күшіктерін көрші ауылдың балаларына да сыйға тартады. Себебі оның бұл әуестігі де кезінде біреудің сыйлаған күшігінен басталған. Кейін ол өмірлік кәсібіне айналды.
Бағлан Байтықов, тазы өсіруші:
- Мен бала кезімнен осыны әлі күнге дейін ұстап келемін. Жан-жақтан басқа қандарды әкеліп, иттердің таза қанды болуы үшін қосамыз. Бұрынғы иттердің тұқымдарын, текті иттердің қанын іздейміз, қосамыз. Иттерді бір-бірімізбен айырбастаймыз. Жан-жаққа бердік, көп күшіктерді бердік.
Кинологтар одағының мәліметінше, Қазақстанда ресми түрде 4 мыңнан астам тазы тіркелген. Ал ауылдардағы аңшыларда тазының саны одан да көп. Қазір олардың нақты саны анықталып, құжаттары әзірленіп жатыр. Осылайша тазылардың шығу тегі де жүйеленбек. Жүргізіліп жатқан зерттеулер ежелгі тұқымның генетикалық тұрғыдан бірегей екенін тағы да дәлелдеп отыр. Өйткені халықаралық көрмелердегі мамандар қазақы тазылардың қаны таза екенін растайды.
Асланбек Шығыр, Вячеслав Ветлугин, Роман Родионов