Қазақстанда 4 мыңға жуық тазы ит ресми тіркелген

  • 22
  • 03.09.2026, 19:41

Елімізде 4 мыңға жуық тазы иті тіркелген. Бұл Қазақстан кинологтар одағының мәліметі. Бұдан бөлек, елді мекендерде есепке алынбаған асылтұқымды иттер де бар. Оларды анықтау, сұрыптау және құжаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы ит тұқымын сақтап, көбейтуге үлес қосып жүрген итбегілер көп-ақ. 

Алматы облысы, Рахат аулының тұрғыны Ақыл Рыскелдиевтің таза тұқымды тазыны баптап жүргеніне 10 жылға жуықтапты. «Басқа иттерге қарағанда кең кеуде, жіңішке бел, жүйрік тазы жылқы баққанда жаныңа сенімді серік, аңшылықта делебеңді қоздырар алғыр», - дейді ол. Ақылдың қарамағында қазір үш үлкен тазы, бес күшігі бар. Барлығы қажетті тексерулерден өтіп, қазақы тазы стандартына сай құжатталған. Иттердің бабы да келіскен екен. 

Ақыл Рыскелдиев, итбегі:

- Баптағанда, енді ет береміз, одан кейін жаз уақытында жүгіртпейміз. Осы жерлерде бос жүреді өздері. Енді жақында күн салқындағаннан кейін басталады. Ақырын-ақырын кешкісін салқында алып шығып, жүгіртіп біраз дайындаймыз. Одан кейін қыстың уақытында қар жауғанда аңшылыққа шығамыз. 

Ақылдың бұл еңбегі текке кетпепті. Былтыр бір тазысын Қазақстан кинологтар одағының қолдауымен Еуропада өткен World Dog Show дүниежүзілік көрмесіне апарған. Әлемнің әр елінен ит тұқымының 400 түрі бәйгеге түседі. Осылайша Ақылдың баптаған тазысы 25 мың иттің ішінен көзге түсіп, топ жарған. Бұл сыртқы түр тұлғасына байланысты таңдау. Дала тазысы табиғатында бар қасиетін де жоғалтпаған.

Гүлжан Көленқызы, тілші:

- Мына тазының аты Көксерек. Финляндиядағы көрмеде топ жарған қырағы көз, шашақ құлақты  жүйрік елде де алдына тазы түсірмейді. Бабы келіскен дала жүйрігі борсық, қоян, түлкі, шибөріні оп-оңай алады. Қарағанды облысының Кеңшоқы ауылынан шыққан бұл тазының тұқымын қазір Қырғызстан, Ресей, Өзбекстанның итбегілері арнайы қалап алған. 

Қазір Қазақстан кинологтар одағының асыл тұқымдық жүйесінде 4 мыңға жуық қазақы тазы тіркелген. Сонымен қатар ауылдық жерлерде орталықтандырылған есепке алынбаған асылтұқымды иттер де бар. Оларды анықтау, сұрыптау және құжаттандыру жұмыстары жалғасуда. Ең бастысы, итбегілер таза тұқымды тануда жаңылмаса игі. 

Айбол Алпысбаев, Қазақстан кинологтар одағының сарапшысы:

- Ең басты қателік – шырға деген бар, шырғаға жүгіртеді. Шырғадан кім жеңеді, бәрі содан тұқым ала бастайды. Ол қателік. Шырғадан жеңіп жатқан иттердің тура солай тұқым қуалап, чемпион болып жатқан жоқ. Оны жеке өзінің мүшесіне қарап таңдау керек қой. Жүгіртіп көріп, қасиеттеріне қарап, қандай төзімділігі бар, ұшқырлығы бар, сөйтіп шығару керек. 

2024 жылы Халықаралық кинология федерациясы қазақы тазыны ресми түрде танып, өзіне сай тұқым стандартын бекітті. Сондай-ақ Қазақстан тазының шыққан елі ретінде белгіленді. «Дегенмен тұқымды халықаралық деңгейде түпкілікті мойындату үшін әлі де жүйелі жұмыс қажет», - дейді мамандар. Оның ішінде асыл тұқымдық есеп жүргізу, шығу, тегін бақылау, бірнеше ұрпақ бойы тұрақты өсіп-өнуін қадағалау және халықаралық кинология іс-шараларында таныстыру маңызды.

Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев