Елімізде Қазақ тазысы күні алғаш рет аталып өтті. Қазақ тазысының келісті мүсін, сыр-сымбаты ғана емес, желмен жарысқан жүйрік және ақылды ит екенін әлем мойындай бастады.
Былтыр Финляндия астанасы Хельсинкидегі Халықаралық кинология федерациясының «World Dog Show» дүниежүзілік көрмесінде 25 мың иттің ішінен барлық аталым бойынша үздік шыққан еді. Бұл байқауға елден 8 тазы барған, соның 5-еуі жүлделі болды. Италияда ұйымдастырылған бүкіләлемдік көрмеде де тазы үздік деп танылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тазы тұқымын сақтап, көбейтуге және оны халықаралық деңгейде насихаттауға айрықша мән береді. «Қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту туралы» заң қолданысқа енді.
Қазақы ит тұқымдары ұлттық орталығының құрылысы аяқталуға жақын. Алда үлкен жұмыс бар. Басты міндет - тазының генетикалық қорын, табиғи және жұмыс қасиеттерін сақтап, ұлттық тұқымды келесі ұрпаққа жеткізу.