Маңғыстау облысында «Жас теңізші» сыныбы ашылды

  • 31
  • 04.09.2026, 19:39

Маңғыстау облысының Өмірзақ ауылында «Жас теңізші» сыныбы ашылды. Бұл елімізде әскери-патриоттық бағыттағы «Жас шекарашы» бағдарламасы аясында ашылған алғашқы арнайы сынып, жоба жоғары сынып оқушыларына шекара қызметі мамандықтарының қыр-сырын мектеп қабырғасында меңгеруге мүмкіндік береді. 

Ауыл мектебінде алғашқы әскери даярлық сабағы өтіп келген кабинет биыл «Жас теңізші» сыныбына арналып жабдықталды. Шекарашылар сабақ барысында әскери сүңгуірлер қолданатын құралдарды таныстырды. Жоғары сынып оқушыларына арналған теңізші киімі де арнайы тігілді.

Ақылбек Нұралы, оқушы:

- Мен келер жылы мектеп бітіремін. Мектепті бітіргеннен кейін әскери шекарашылардың жоғары оқу орнына түсіп, әскери шекарашы маманы атанғым келеді.

Әскери шекарашылар оқушыларға айына екі рет дәріс өткізеді. Олар еліміздегі шекара қызметінің қалыптасу тарихы, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты құрлық және теңіз әскерлерінің қызметі туралы айтып береді. Сондай-ақ шекарашы мамандықтарымен таныстырып, оқушылардың сұрақтарына жауап береді.

Гүлнұр Жұматаева, Өмірзақ ауылы мектебінің директоры:

- Маңғыстау облысының тарихы теңізбен тығыз байланысты, балаларды теңіз арқылы өтетін мемлекеттік шекараны қорғауға баулу маңызды деп санаймыз. Біз осымен ғана шектелмейміз. Жұмысты әрі қарай жалғастырамыз. Қазір 8, 9, 10 және 11- сынып оқушыларын  оқуға тартып отырмыз. Алда 5 - сыныптан бастап балаларды «Жас теңізші» сыныбына қабылдағымыз келеді.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Теориялық сабақтардан кейін оқушылар әскери бөлімге барып, шекарашылардың бір күндік қызметімен танысады. Сапар бағдарламасы ауқымды әрі қызықты өтеді деп жоспарланды. Жоғары сынып оқушылары еліміздің шекара флотымен танысып, жауынгерлік құрал-жабдықтардың қолданылуын іс жүзінде көреді.

Сұлтан Баймағанбетов, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі департаменті жағалау күзеті дивизионы командирінің орынбасары:

- Осы мектептің түлектері болашақта бізге үміткер болса, олардың арасында қазірдің өзінде 9-11- сынып оқушылары бар. Біз оларды жоғары әскери оқу орнына түсуге дайындаймыз. Алда білім басқармасымен келіссөздер жүргіземіз. Болашақта Маңғыстау облысында «Жас шекарашы» сыныптарын ашу жұмыстарын жалғастырамыз.

Осылайша, шекара қызметінің офицерлері мектеп қабырғасында оқушыларды әскери қызметке баулуды көздеп отыр. Айта кетейік, жағалау күзеті дивизионына жаңадан қабылданған жас сарбаздар қараша айында ант қабылдайды. Салтанатты шараға «Жас теңізші» сыныбының оқушылары да қатысады.

Авторы:Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев