Колледжде оқып жүріп, айына 300 мың теңгеге дейін табыс табатын жастардың қатары көбейіп келеді. Дуалды білім беру жүйесі оқу мен жұмысты ұштастырып, ерте жастан еңбекке араласу жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып қана қоймай, еңбек нарығындағы кадр тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында еңбек адамының беделін арттыруды және техникалық әрі кәсіптік білім беруді жаңғыртуды мемлекеттік саясаттың негізгі стратегиялық бағыттарының бірі ретінде айқындады. Президент Қасым Жомарт Тоқаев «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабында «Мына дәуір еркелікті, жалқаулық пен масылдықты, немқұрайдылықты көтермейді», - деген еді. Президент бастамасы қаншалықты жемісін беріп жатыр?
Мемлекеттік саясаттың негізгі мақсаты «Дипломың қандай?» деген сұрақтан «Не істей аласың, қандай дағдың бар?» деген көзқарасқа көшу болып отыр. Яғни адамның білімімен қатар еңбегі, тәжірибесі мен кәсіби шеберлігі де лайықты бағалануы тиіс.
Былтырғы Жұмысшы мамандықтар жылы салаға білікті кадрлардың қаншалықты қажет екенін көрсетті. Өндірісте дәнекерлеуші, монтаждаушы, механик, көлік операторы мен жүк көлігінің жүргізушісіне, қызмет көрсету саласында шаштараз бен аспазға, құрылыс саласында монтаждаушы, сантехник пен электрикке, ауыл шаруашылығында тракторшы мен комбайншыға сұраныс жоғары болып отыр.Сондықтан кәсіптік Білім беру ұйымдары дуалды оқыту жүйесі арқылы еңбек нарығына қажетті мамандарды даярлап жатыр. Биылғы оқу жылына 133 мың мемлекеттік грант бөлініп, оның 40% жұмысшы мамандықтарына бағытталды.
Ақзира Қасымова, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің директоры:
- Биыл дуалды оқыту бойынша 138 мың бала білім алып жатыр. Бұл студенттердің 35% құрайды. Оны 2027 жылы 50% дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Бүгінде колледждер 11 мыңнан астам кәсіпорынмен жұмыс істейді. 552 колледжде дуалды оқыту жүйесі енгізілді.
Дуалды білім беру колледждегі теориялық білімді кәсіпорында жұмыс істеу арқылы тәжірибемен ұштастыруды көздейді. Былтыр 40 мыңнан астам студент дуалды оқыту жүйесі бойынша диплом алып, олардың 72% жұмыспен қамтылды.
Еліміздегі автомобиль құрастыратын кәсіпорындарда тәжірибеден өтіп жүрген студенттерге де еңбек етуге мүмкіндік беріліп жатыр.
Ақзира Қасымова, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік Білім беру департаментінің директоры:
- Ондағы студенттер 80% дейін дуалды оқыту жүйесімен білім алып, кәсіпорында жұмыс істей жүріп айына 300 мың тг дейін қосымша жалақы табуға мүмкіндік алып отыр.
Жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, еңбек адамын қолдау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де бірқатар шараны қолға алды. Кәсіптік біліктілікті тану, тәлімгерлік институтын дамыту, дуалды оқыту, жұмыскерлерді ынталандыру және еңбек адамын дәріптеу бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Еңбек жолы» ұлттық байқауы да жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға бағытталды. Тағы бір маңызды бағыт кәсіподақтардың рөлін күшейту болып отыр.
Қымбат Исмаилова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаменті директорының орынбасары:
- Кәсіподақтардың да рөлі ерекше, жұмыскер мен жұмыс беруші арасындағы маңызды байланыстырушы буын болып саналады. Оның қызметі тек еңбек құқықтарын қорғаумен шектелмеуі тиіс. Кәсіподақ жұмыс берушімен бірлесіп, еңбек жағдайын жақсартуға, лайықты еңбекақы төлеуге, әлеуметтік кепілдіктерді күшейтуге, кәсіби оқыту мен біліктілікті арттыруға ықпал ететін әлеуметтік серіктес болуы қажет.
Елімізде 9,5 млн адам еңбекпен қамтылған. Соның төрттен бірі жұмысшы мамандықтары бойынша қызмет атқарып жүр. Демек, елдің экономикалық әлеуетін қалыптастыруда еңбек адамдарының үлесі зор.
Сондықтан баланы жастайынан мамандыққа баулып, еңбекке үйрету елдің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды бағыт болып қала береді.
Авторы:Берік Дүйсенбай, Айдана Мұқанова