Семейде жүздеген тұрғын биылғы жылыту маусымын жылусыз қарсы алуы мүмкін. Себебі қала тұрғындарының жылу үшін берешегі 580 млн тг жуықтады. Борышкерлердің басым бөлігі қарызын 4 айдан бері өтемей отыр. Осыған байланысты коммуналдық қызмет мамандары шараны күшейтіп, қасарысқан борышкерлерді рейд барысында анықтап, жылу жүйесінен ажырата бастады.
Семейде жылыту маусымына дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Алайда тұрғындар мен кәсіпорындардың жылу үшін өтелмеген қарызы бұл жұмысқа кедергі келтіріп жатыр. Қаражат тапшылығы жұмысшылардың жалақысын уақытылы төлеуге, жылу желілерін жөндеуге қажетті материалдар сатып алуға және кейбір үйлерге жылуды белгіленген мерзімде беруге қолбайлау болды.
Айнұр Төлеубаева, ««Жылукоммунэнерго» МКК абоненттер бөлімі басшысының орынбасары:
- Жылыту маусымы сәуір айында аяқталды. Соған қарамастан, тұрғындардың 19% жылу ақысын уақытылы төлемеді. Әсіресе, жеке сектордағы берешегі бар абоненттер көп, қазір олардың саны шамамен 180-ге жетті.
«Жылукоммунэнерго» мамандары тексеріс барысында 70 абонентті жылу жүйесінен ажыратты. Қалған тұтынушылар қарызын 15 қыркүйекке дейін өтеуі тиіс. Осы мерзімнен кейін үш айдан астам уақыт бойы төлем жасамаған борышкерлер жаппай жылу жүйесінен ажыратылады.
Динара Жақиянова, «жылукоммунэнерго» МКК абоненттер бөлімінің заңгері:
- Жеке тұлғалардың берешегі нотариустардың атқарушылық жазбасы негізінде өндіріліп алынады. Ал дүкендер мен коммерциялық нысандардың қарызы сот арқылы өндіріледі. Берешек өтелмесе, іс сот орындаушыларына жолданып, есепшоттарға тыйым салынуы мүмкін. Сонымен қатар қосымша шығындар да қарастырылады.
Қазір жөндеу бригадалары қаланы қысқы маусымға дайындап жатыр. Тұрғын үйлерге жылудың үздіксіз берілуін қамтамасыз ету үшін мамандар тозығы жеткен құбырларды ауыстырып, қазандықтар мен жылу пункттеріндегі жабдықтарды өңдеп жатыр. Бүгінде 26 шақырым жылу желісі жаңартылды.
Валерий Романченко, жылу желілері учаскесінің басшысы:
- Семейде шамамен 42 шақырым жылу желісін ауыстыру жоспарланды. Жылу пункттері, қазандықтар мен жылу электр орталықтарында қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оң жағалаудағы 5 орталық жылу пункті жаңартылып, жылу желілері мен жабдықтар толық ауыстырылады.
Қазір құрылыс алаңдарындағы жұмыс кестеге сай жүріп жатыр. Коммуналдық қызмет мамандары жылыту маусымы басталғанға дейін барлық жөндеу жұмыстарын аяқтауды жоспарлап отыр.
Авторы:Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков