Жамбыл облысында 40 жылға жуық уақыт жөндеу көрмеген Шу вокзалы қайта жаңғыртудан өтіп жатыр. Қазір теміржол торабындағы құрылыс жұмыстары 90%-ке аяқталған. Жөндеу жұмыстарына 6 млрд теңгеден аса қаражат бөлінген.
Шу станциясы 1989 жылы пайдалануға берілген. Мұндағы 18 жолақты торапқа тәулігіне 35 жолаушы және 100 жүк пойызы аялдайды. Маңызды магистраль арқылы пойыздар Мәскеу, Ташкент пен Бішкекке барады. Сондықтан вокзал халықаралық стандартарға сай салынып жатыр. 40 жылға жуық тарихы бар нысанда қазір құрылыс жұмысы қарқынды.
Ринат Ибрагимов, құрылыс алаңының басшысы:
- Жылжымалы тепкішек бар, жаңа жобаға арналған. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған лифті бар. Сосын балалар ойнайтын жеке алаңы бар. Коворкинг зонасы бар. Келген адамдар отырып, компьютермен жұмыс істей алады. Полиция бөлімшесі бар. Медициналық кабинеті де бар. Негізі, жоба бойынша 1500-2000 адамға дейін қабылдау жоспарланып отыр.
7 мың шаршы метрден асатын аумақты жаңғыртуға 150 адам жұмылған. Вокзалмен қоса, айналасы да абаттандырылып жатыр. Оған жергілікті бюджеттен 525 миллион теңге бөлінді.
Бақытжан Сағатбек, Шу ауданы әкімдігі ТҮКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:
- Субұрқақтары, келіп-кетушілерге отыратын орындықтар жаңартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы күнге дейін жабайы саудамен елдер сауда жасаған болса, абаттандыру жұмысынан кейін мынау вокзал алдынан 4 жаңа дүңгіршек орын алады. Одан бөлек, 13 навестің астына жаңа дүңгіршектер өтеді деп айтамыз. Жалпы саны 45-ке жуық саудагерлер бар. Соның барлығын біз қамтимыз деп отырмыз.
Жалпы Жамбыл облысында Тараз, Түрксіб, Шу, Отар және Боранды станциялары қайта жағыртудан өтіп жатыр. Жөндеу жұмыстарына республикалық қазынадан 14 млрд теңгеден аса қаржы бөлінген.
Мерей Бает, Елдар Байділді