Алматыда көші-қон үдерістері бірыңғай цифрлық платформаға көшеді

  • 28
  • 16.09.2026, 18:43

Елімізде көші-қон саласының қауіпсіздігі 2030 жылға дейінгі тұжырымдама аясында жаңа деңгейге көтеріледі. Негізгі бағыттардың бірі көші-қон үдерістерін цифрландыру және бақылауды күшейту жоспарланып отыр. Жаңа модель бойынша шетел азаматтарына қатысты негізгі рәсімдер бір цифрлық платформаға біріктіріледі. Өтініш беру, құжаттарды тексеру және азаматтың мәртебесін бақылау бір жүйе арқылы жүзеге асады. Бұл бірнеше мемлекеттік органға жүгінуді азайтып, «бір терезе» қағидатын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Алматы шетел азаматтарының ағыны үлкен қаланың бірі. Мұнда туристерден бөлек, жұмыс істеп, білім алып жүргендер де бар. Қазір шаһарда уақытша тұру үшін 132 мыңнан астам шетелдік тіркелді. Оның 74%  жуығы Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан сияқты көршілес мемлекеттердің азаматтары. Ал алыс шетелдердің 35 мыңға жуық өкілі уақытша тіркеуде тұр. Барлық шетелдіктер белгіленген көші-қон талаптарын сақтап, міндетті түрде тіркеуден өтуі керек. Ол «бір терезе» қағидаты бойынша рәсімделеді.  Бәрі бірдей ол мүмкіндікті пайдаланбайды. Ал кейде белгіленген мерзімді сақтамайды.

Салтанат Әзірбек, қалалық Полиция Департаментінің ресми өкілі:

- Жылдың басынан бері Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 13 мыңнан астам шетел азаматтары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 3 мыңнан астамы соттың шешімімен елден шеттетілді. Тағы 2,5 мыңнан астамы арнайы  қабылдап-тарату орталығына тоғытылған болатын.

Ал жаңа модельдің тағы бір бағыты еңбек көші-қонын тиімді басқару, ведомствоаралық деректерді біріктіру арқылы тәуекелдерді жедел анықтау көзделіп отыр. 

Сабыржан Сейтжанов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басқарма басшысы:

 - Тәуекелдерді жедел болжау, көлеңкелі схемаларды жою, Сыртқы істер министрлігі, ішкі істер министрлігі басқа да ведмоства базаларының деректерін біріктіру. Тапшы білікті мамандарды тарту, сыртқы көші қонның икемді құралдарын енгізу, оның ішінде құнды дағдылар визаларды, оқытушылар мен ғалымдарға арналған визаларды ұсыну, сондай-ақ сұранысқа ие мамандарды бейімдеу үшін барлық жағдай жасау жоспарланып отыр.

Айта кетейік жыл сайын елімізде 14 мыңнан астам шетелдік еңбек етеді. Ал Қазақстанға білім алуға келген студенттер саны 35 мыңға жуық. Туристік және іскерлік мақсатпен келетін  шетелдіктердің саны 13 млн шамасында болып отыр. Қазір жүргізіліп жатқан көші-қон саласын цифрландыру бір жағынан мемлекеттік бақылауды күшейтсе, екінші жағынан шетел азаматтары үшін қажетті рәсімдерді жеңілдетуге бағытталды.

Автор:Ердәулет Ыбырайұлы