Қазақстан Халық кеңесі ішкі саясат бойынша жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету, бірлік пен ынтымақты нығайту жөнінде ұсыныстар әзірлейді. Сондай-ақ, заң шығару процесіне қатысады. Яғни, белгілі бір мәселелер бойынша заң жобаларын әзірлеу және оларды Құрылтайдың қарауына енгізу бастамасын көтере алады. Мұндай мүмкіндік азаматтық қоғамның заң шығару процесіне қатысу тетіктерін кеңейтеді. Және жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы бастама көтереді. Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съездерін, басқа да маңызды гуманитарлық форумдарды ұйымдастырады. Мемлекеттік органдар, ұйымдар және азаматтық қоғам институттары арасындағы жалпыұлттық диалогты қамтамасыз ету үші түрлі іс-шараларды ұйымдастырады.
Бауыржан Ысқақ, экономист:
- Халық Кеңесінің құрылуы Құрылтайға дейінгі сапалық жұмыстардың уақытымен орындалуына, жалпы мемлекеттің дамуына қажетті құжаттардың тез жылдам және де сараптамалық тексеруден өтіп баруына үлкен мүмкіндік беретін жақсы институт деп айтуға болады. Бізде кей заңдар уақыт өте келе өзгеріске ұшырап жатады. Сондай уақыттардың да алдын алуға осы Халық Кеңесінің қолдауы өте жақсы болады. Бұл жерде ұлтқа, мемлекеттің мүддесіне қызмет жасайтын көптеген стратегиялық, әлеуметтік, жалпы сырттанк елетін инвесторларға қажетті институционалдық орган болып табылатынына күмәнім жоқ.
Мамандар Қазақстан Халық Кеңесінің қызметі билікті нығайту емес, керісінше азаматтық қоғамның рөлін күшейту екенін айтады. 126 адамнан тұратын Қазақстан халық кеңесінің құрамы бекітілді. Оның 42-сі этномәдени бірлестіктерден, 42-сі қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардан және 42-сі аймақтық мәслихаттар мен қоғамдық кеңестерден. Қазақстан халық кеңесінің барлық мүшесін Президент тағайындайды, олардың өкілеттік мерзімі – 4 жыл.
Дидар Тебаев, Қоғамдық даму институтының сарапшысы, Жас ғылымдар кеңесі төрағасының орынбасары:
- Бұл жерде біз аймақтар мен орталықтың тығыз байланысын көре аламыз. Яғни, Халық кеңесі мемлекет пен қоғам арасындағы маңызды диалог алаңы. Кеңестің негізгі миссиясы – қоғамдық бастамаларды мемлекеттік шешімдер мен заңнамалық ұсыныстарға айналдыруға мүмкіндік беретін тұрақты механизм қалыптастыру.