Бұл туралы Президент «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабында жазған. Тіршілік нәрінің тапшылығы жыл өткен сайын күшейіп барады. Бұл – жаһан жұрты үшін ортақ мәселе. Сондықтан судың да сұрауы барын ұмытпай, үнемшілдікке үйренген дұрыс. Қазір елде суды үнемдеу мәдениеті қалыптаса бастаған. Әсіресе Астана, Алматы, Шымкент секілді мегаполистер мен шағын қалаларда да орташа су тұтыну көлемі күрт азайыпты. Агросала мен өнеркәсіпте де тірлішік нәрін ысырып етпеу үшін тың технология енгізу көзделіп отыр.
Елде суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру – аса маңызды. Қазір ауыл шаруашылық және өнеркәсіп салалары мен күнделікті үй жағдайында тұтыну көрсеткіштері айқындалған. Тек ауыл шаруашылығы бағыты бойынша бүгінде 542 мың гектар егіс алқабына су үнемдеу технологиялары енгізілген. Соның нәтижесінде 874 млн. текше метр су үнемделді. Президент тапсырмасына сәйкес, жыл сайын 150 мың гектар алқап тіршілік көзін үнемдеу құралдарымен қамтылуы тиіс. Үнемшілдікке бетбұрыс өнеркәсіп саласында да жүргізіледі.
Полат Ермахан, ҚР су ресурстары және ирригация министрлігі ақпараттық талдау орталығының жоба жетекшісі:
-Өнеркәсіп саласында суды айналмалы және қайталама қолдану тәсілдерін біз осы жаңа Су кодексінде қарастырғанбыз. 2027 жылға дейін өнеркәсіп субъектілері осы өздерінің жоспарларын суды қалай қайталама және айналмалы пайдалану жоспарларын бізге ұсына алады. 2032 жылдың соңына қарай біз осы жұмыстарды аяқтауымыз керек. Жалпы барлық бағытта біз суды үнемдеуіміз керек. Су үнемдеу мәдениетін қалыптастыру үшін мемлекеттік саясаттар қазіргі таңда қарқынды жұмыс жасалып жатыр деп айтсақ болады.
Тұрмыстық жағдайда да су үнемдеу мәдениетін қалыптастыру маңызды. Қазір астаналықтар арасында жеміс пен көкөністі ыдысқа су толтырып шайып, кейін оны гүл суару үшін қолдануды әдетке айналдырғандар бар. Жуынғанда себезгіні пайдалануды дұрыс деп есептейді. Тиісті министрлік мәліметінше, былтыр елде 1,3 млрд текше метр ауыз су тұтынылған.
- Халық арасында түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Осы су үнемдеу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Яғни ол жерде күнделікті тіршілікте қалай суды үнемдей аламыз. Осы әдістемелік ұсынымдарды пайдаланған кезде біз жылына 260 млн. текше метр су үнемдей аламыз. Бұл жалпы су тұтыну көлемінің 10%-20% құрайды.
Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса беруге тиіс. Себебі Қазақстан су тапшылығы жоғары елдердің қатарына жататындықтан, оны үнемдеу және тиімді пайдалану аса маңызды.
Авторалары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болотбек Табалдиев