Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы

Жолдау-2026: өзекті мәселелер талқыланды

  • 4
  • 03.11.2026, 18:04

Мемлекет басшысы Жолдауда айқындап берген басым міндеттерді қоғамға кеңінен түсіндіру жұмысы өңірлерде жалғасуда. Осы мақсатпен Құрылтай депутаттары, Үкімет мүшелері, Қазақстан Халық Кеңесінің және мемлекеттік мекемелердің өкілдері, сондай-ақ қоғам белсенділерінен жасақталған ақпараттық топтар Атырау, Ақтөбе және Алматы облыстарының тұрғындарымен жүздесті. Кездесуде нендей мәселелерге назар аударылды? Өңірлердегі жаңа міндеттер қандай?

Құралай Жұмахан, тілші:

- Өткен аптада ғана Мемлекет басшысы дәл мына Үкімет үйінде халыққа Жолдауын жариялады. Артынша айтылған міндеттерді орындау үшін тиісті органдарға тапсырма да берілді. Қазір Құрылтай депутаттары мына ғимаратта жылы кабинетте отырған жоқ. Өңірлерді аралап жүр. Мақсат – Президент Жолдауын халыққа түсіндіріп, жергілікті жұртшылықтың ұсыныс-тілегін тыңдау. Біразы Атырау облысына барып, аймақтың ғылым өкілдерімен, жоғарғы оқу орындарының профессор-оқытушы құерамымен және студенттермен кздесті.

Назарбек Қосшиев, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі:

- Атырау өңірінің тұрғындары үшін ең маңызды мәселе – суды дәл бүгінгі күннен бастап үнемдеу мәселесі. Ол үшін біздер кәсіпкерлік нысандарында, қоғамдық тамақтандыру орындары болсын, соның бәрін де суды қайта өңдеу технологиясын кешіктірмей енгізуіміз керек.

Арман Хайруллин, ҚР Құрылтайының депутаты:

- Жаңа өндірістер түлей бастайды және де халқымызды жұмыспен қамту үшін бұл керемет мүмкіндік. 100 мыңнан астам жұмыс орындары пайда болуы керек.

Жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін білікті инженерлер мен заманауи технологияны меңгерген мамандар қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында осылай деді. Ақтөбе жұртшылығы Құрылтай депутаттарымен бірге осы мәселеге зер салды.

Нарқозы Қартжан, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің проректоры:

- Қазір өңірге қажетті, нарыққа қажетті мамандықтардың гранттарына басымдық беріп жатыр. Сонымен қатар ғылыми жобалар өте жақсы қаржыландыру алып жатыр. Мінекей, осындай үлкен мінберлерде айтылған қолдаулар өңірлерде нақты-нақты осындай жобалар арқылы өзінің көрінісін тауып жатыр.

Құралай Жұмахан, тілші:

- «Келешек мектептері» ұлттық жобасы жүзеге асқалы, Алматы облысында 26 мектеп салынды. Нәтижесінде үш ауысыммен оқытатын мектеп саны едәуір азайып, білім сапасы артты. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Одан бөлек, мұғалімнің мәртебесін биіктетіп, еңбегін ұлықтау шаралары жүйелі жүргізілмек. Қонаев қаласында Президент Жолдауын түсіндіру бойынша өткен жиында білім беру саласындағы мәселелер көтерілді.

Ләззат Жылқыбаева, ҚР Құрылтай депутаты:

- Әлі де үш ауысымды мектептердің болуы және күрделі жөндеуді қажет ететін мектептердің сақталуы облыста мектеп тапшылығының бар екенін көрсетіп отыр. Сондықтан Президент айтып отырған «Халықтық құрылыс» жобасы келесі жылдан бастап қарқынды жүзеге асырыла бастағанда, бұл бастама Алматы облысында да жаңа мектептердің салынуына ықпал етеді деп ойлаймын.

Құралай Жұмахан, тілші:

- Иә, Жолдау жүктеген міндеттер жетерлік. Десе де, басты өлшем – қағаздағы есеп емес, нақты нәтиже болуы тиіс. Президенттің де талабы осы.

Құралай Жұмахан, Азамат Сәметов