Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша елімізде интернет саудасы өткен жыл қорытындысына сәйкес 4 трлн теңгеге жуықтады. Бүгінде Қазпошта – дәстүрлі оператор ғана емес. Компания миллиондаған сәлемдемені жедел өңдеу үшін ЖИ-ні енгізіп, әлемдік интернет-дүкендердің тауарларын қолжетімді бағада жеткізу үшін отандық маркетплейсті дамытуда. Мәселен, танымал Pinduoduo тауарларын қазақстандықтар Қазпошта арқылы тегін ала алады. Астанада өткен QazPost Demo Day іс-шарасында ұлттық оператор трансформациялық стратегияларымен бөлісті.
Қазпоштада рекорд. Жыл басынан бері 9 айда 60 млн сәлемдеме жіберілген. Оның 6,5 миллионы халықаралық үлес. Бұл әлемдік маркетплейстердің тауарларын ауыл-аймақтарға тиімді бағада жеткізуге мүмкіндік беріп отыр. Ауқымды жүк ағынын тиімді реттеу үшін ұлттық оператор пошта желілері мен технологиялық шешімдерді қолдануда. Бұл қазақстандықтар әлемдік маркетплейстерден келетін тауарлар логистикасына тиімді баға ұсынуға мүмкіндік беріп отыр.
Бекежан Жәкеев, «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы:
- Біздің қадам бір жағынан шағын және орта бизнесті қолдау болса, екіншіден, әлбетте клиенттерді қуанту. Себебі шалғай аудандарда біздегідей инфрақұрылым жоқ. Қазіргі таңда Қазпоштаның 2,5 мың бөлімшесі болса, олардың 2 мыңы ауылды жерлерде. Бұл 15 мың қызметкер. Яғни біз еліміздің ауылдағы тұрғындарына жұмыс беріп отырмыз.
Миллиондаған тапсырысты өңдеуде ЖИ көмегі зор. Нейрожелі клиенттердің мекенжайларында қате болса, автоматты түрде түзетіп, геобағдарды дәл белгілейді және көлік, теміржол немесе әуе бағыттарындағы тасымал тиімділігін айқындап береді.
Бағлан Оразбай, «Қазпошта» АҚ Пошта бизнесі жөніндегі операциялық директоры:
- Қазіргі кезде хат-хабарламаларды жіберу үшін марка сатып алып, марканы жабыстырып жіберу болатын болса, біз қазір марканы электронды түрге көшіріп жатырмыз. Ол бойынша қызмет алу бірнеше есеге жылдамдатылады.
Demo Day іс-шарасында Қазпошта көптеген инновациялық жаңалықтарымен бөлісті. Төлем карталары, superApp, тіпті отандық өндірушілерді қолдау мақсатында сауда, төлем және логистиканы біріктіретін «Атамекенмен» бірлесіп әзірленген маркетплейс те бар. Компанияда атап өткендей, маркетплейс кәсіпкерлерге бүкіл Қазақстанның және елден тысқары аумақтардағы сатып алушыларға бірдей қолжетімділікке жол ашады.
Берік Дүйсенбай, Айбын Құсанбеков