Алматы облысы Қарасай ауданында жаңа 6 медициналық мекеме салынады. Қазір олардың жобалық-сметалық құжаттары дайын. Соның бірі – Қаскелең қаласында пайдалануға берілетін 500 адамға арналған емхана.
Бұл туралы Құрылтай депутаты Арман Жансеңгіровпен кездесуде айтылды. Басқосуда Президент Жолдауында көтерілген мәселелер талқыланды. Мемлекет басшысы азаматтарға сапалы медициналық көмек көрсетудің маңызын атап өткен еді. Мамандардың айтуынша, жаңа үлгідегі емханалар медициналық қызметті қолжетімді қылады. Аурудың алдын алуға мүмкіндік береді. Жиында басқа да әлеуметтік нысандарды салу ұсынылды.
Арман Жансеңгіров, ҚР Құрылтайының депутаты:
- 2027 жыл – «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жарияланды. Осы мақсатқа ел қазынасынан 6,5 трлн теңге бөлініп, оның 1,5 трлн теңгесі әлеуметтік нысандар салуға жұмсалады. Соның ішінде денсаулық сақтау саласында 70-ке жуық нысан бой көтереді.