Павлодар облысында салынып жатқан «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» қазақстандық экспортқа елеулі серпін бере алады. KPMG халықаралық агенттігінің бағалауынша, ірі технологиялық жобаның алдағы уақытта жыл сайынғы экспорттық кіріс 3,1 млрд долларды құрауы мүмкін. Бұдан бөлек, деректер орталықтарының 20 жылға есептелген қызмет ету мерзімінде елге құйылатын инвестиция 115 млрд долларға бағаланып отыр.
Бұл туралы жобаны жүзеге асыру барысы туралы кеңесте айтылды. Премьер-министр Олжас Бектенов өткізген жиында құрылыс барысы, жобаны кеңейту және инвестиция тарту жұмыстары талқыланды. Жобаның бірінші кезеңінде жалпы қуаты 304 МВт болатын үш деректерді өңдеу орталығын құру қарастырылған. Бірінші орталықты 2027 жылдың екінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Премьер-министр экономикалық маңызды жобаны белгіленген мерзімде іске қосуды тапсырды.