Семейде елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайту және энергетика саласын дамыту мәселелері талқыланды. Экономика қарқынды дамып, өндіріс орындарының саны артқан сайын электр энергиясына деген сұраныс та өсіп келеді. Осыған байланысты еліміздің энергетикалық әлеуетін күшейтіп, электр қуатын өндіру көлемін ұлғайту – күн тәртібіндегі өзекті міндеттердің бірі. Бұл ретте жаңа электр станцияларын салу және қолданыстағы нысандардың өндірістік қуатын арттыру айрықша маңызға ие. Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерге сәйкес, Қазақстан 2029 жылға қарай электр энергиясы тапшылығын толық еңсеріп, өндіріс көлемін тұтыну деңгейінен асыруы тиіс.
Энергетика саласын дамытудың тағы бір маңызды бағыты – білікті мамандар даярлау. Әсіресе атом энергетикасы саласы үшін кәсіби кадрлар даярлау мәселесіне басымдық берілуі қажет. Кездесу барысында Құрылтай депутаттары мен салалық министрлік өкілдері Президент Жолдауында белгіленген міндеттерді жүзеге асыруға белсенді атсалысуға дайын екендіктерін білдірді.
Айрат Базенов, ҚР Құрылтайының депутаты:
– Өңірімізде және Қазақстанда атом энергиясын зерттеуге, оны игеруге байланысты мамандардың тапшылығы көрінеді. Ол атом электр энергиясын пайдалануға байланысты, тіпті басқа да жалпы энергетикке деген тапшылық бар. Сондықтан біз депутат ретінде бұл сұрақты Ғылым және жоғары білім министрлігіне де, мектептерге де, өйткені бұл мамандықтың қажет екендігін, бұл мамандықтың болашақтың мамандықтарының бірі екенін біз көрсетуіміз керек.