Қазақстанда энергетикалық сусындарды өндіруге және елге әкелуге толық тыйым салу ұсынылды. Себебі уақытша сергектік сыйлайтын сусынның денсаулыққа зияны алаңдатып отыр. Бір әттеңі – оған сұраныс жыл санап артып келеді. Мәселен, 2023 жылы елімізде 215 миллион литр энергетикалық сусын сатылса, былтыр бұл көрсеткіш 355 миллионға жеткен. Бұл олимпиадалық стандартқа сай келетін 142 жүзу бассейнімен тең. Екі жылдағы өсім – 65 пайыз.
Жас шектеуі енгізілді, акциз белгіленді. Ендігі ұсыныс – толық тыйым. Сонда шектеуден нәтиже шықпағаны ма? Әлде мәселе тұтыну мәдениетінде ме?
Энергетикалық сусындарға қатысты мәселе бұған дейін қоғамда талқыға түскені рас. Енді биік міндерден айтыла бастады. Құрылтайдың кезекті отырысында депутат Мақсұт Насибулов, оны өндіруге және елге әкелуге толық тыйым салу туралы ұсыныс білдірді. Оның айтуынша, қабылданған шараларға қарамастан, энергетикалық сусындардың сатылымы тоқтаусыз өсіп жатыр. Мұны статистика да растаған. Атап айтқанда, тәнге қуат беретін тәтті суды сату екі жылда 65%-ға артып, былтыр 355 миллион литрге жеткен. Сондықтан Үкіметке шара қабылдауды ұсынды.
Мақсұт Насибулов, ҚР Құрылтайының депутаты:
– Біріншіден, 21 жасқа толмағандарға энергетикалық сусын сату деректерін анықтап, олардың интернет арқылы сатылуын бақылау қажет. Екіншіден, мұндай сусындардың адам денсаулығына әсерін ғылыми тұрғыдан зерттеу керек. Сондай-ақ дүкен сөрелеріндегі өнімдердің құрамындағы кофеин мен басқа да заттардың мөлшерін тексеру маңызды.
Депутаттың ұсынысы қолдаусыз қалмады. Республикалық «Әкелер одағы» да энергетикалық сусындарға қатысты талаптың қатаң болуын қалайды.
Күзембай Бекдайыр, «Әкелер одағы» РҚБ төрағасының орынбасары, қалалық қоғамдық кеңес мүшесі:
– Біз бұған түбегейлі қарсымыз. Сатылуға ғана емес, өндіруге, тасымалдауға және біздің мемлекетімізге кіргізуге біз түбегейлі қарсымыз. Бұған дейін электронды темекі құрылғысына тыйым салуды ұсынған қоғамдық бірлестік өкілдері бұл жолы да ұлт саулығы үшін аянып қалмақ емес. 14 өңірдегі филиалдармен бірлесіп, петиция жариялауды шешкен.
– Бүгінгі таңда бір бес мың қол жиналып қалды. Енді көктемге дейін 50 мың жинап, Құрылтайға ұсынып, соны тоқтатсақ деген ниетіміз бар.
Мұндай бастама ересектер мен жасөспірімдер арасында энергетикалық сусындарды тұрақты тұтыну әдетінің кең таралуына назар аударудан туындап отыр. Соңғы екі жылда күніне бірнеше құтыдан энергетик ішкен екі азаматтың жүрек ауруына шалдыққаны, ал тағы бір адамның асқазаны тесілгені хабарланды.
Гүлнар Сәрсенбаева, ҚР ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры:
– Энергетикалық сусындарды шамадан тыс тұтыну тәуелділікке алып келеді. Құрамында кофеин, қант көп және басқа да заттар бар. Адамның шаршағанын басып, уақытша сергектік сыйлағанымен, ұйқы сапасы мен жүрек, жүйке жүйесі, асқазанға әсер етеді. Диабетке шалдықтыруы да мүмкін.
Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:
– Энергетикалық сусынға қатысты біздің елде қолға алынған шаралар да жоқ емес. Өткен жылдың қаңтарынан бастап 21 жасқа толмаған адамдарға бұл тәтті суды сатуға тыйым салынса, ал биылдан бастап оларға акциздер енгізілген. Енді халықаралық тәжірибені зерделеу көзделіп отыр.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Аманжол Байғазин