Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы

Астанада көлік қозғалысын жеңілдететін жаңа тоннель салынып жатыр

  • 2
  • 27.11.2026, 18:10

Қазақстанда көлік-логистика саласын дамытуға ерекше басымдық берілуде. Кейінгі жеті жылда 36 мың 300 шақырым автокөлік жолы салынып, күрделі жөндеуден өтті. Ал соңғы бес жылда 5 мың шақырым теміржол желісі жаңғыртылды. Осындай ірі серпін бас қаланың келбетін де өзгертіп келеді.

Биыл іске қосылған TARLAN жеңіл рельсті көлік желісі мен қосымша автобус бағыттары жолаушылар қатынасын жеделдетсе, енді сол жағалауда салынып жатқан жаңа тоннель орталықтағы қарбаласты шешуі тиіс. Ауқымды өзгерістерді астаналықтар қалай бағалайды? Астана аумағы күн санап ұлғайып, көшедегі көлік нөпірі де қалыңдап барады. Бас қаланың орталық бөлігіндегі қарбаласты азайту үшін жаңа балама жолдар салу қолға алынды.

Жұлдыз Аймаш, тілші:

– Елорданың сол жағалауында көлік инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары қызу жүріп жатыр. Қазір Алматы көшесінде ұзындығы 800 метр болатын жерасты тоннелінің құрылысы қарқын алған. Ауқымды жоба аяқталған соң қала орталығындағы көлік кептелісін азайтып, жүргізушілердің қозғалысын едәуір жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Жаңа тоннель сол жағалаудағы Мәңгілік Ел даңғылынан басталып, Сауран көшесіне дейін созылады. Көлік ағыны Түркістан және Ақмешіт көшелерінің астымен бағдаршамсыз қозғалады. Ал жер бетінде Желілік саябақ пен Ботаникалық бақ өзара жалғанып, жаяу жүргіншілерге арналған біртұтас аллеяға айналады.

Рахымбек Төрекешов, сапаны бақылау маманы:

– Бұл жобаның мақсаты – Abu Dhabi Plaza-дан бастап Желілік саябақ арқылы Ботаникалық баққа дейін жаяу жүргіншілерге арналған үздіксіз әрі кедергісіз аллея қалыптастыру. Бұл ретте көліктер жаяу жүргіншілерге кедергі келтірмес үшін жолдың астымен қатынайды. Жоба халықтың игілігі үшін жүзеге асырылып жатыр.

Елордада көлік жүктемесін азайту кешенді түрде іске асуда. Биыл іске қосылған ЛРТ желісі мен жаңарған қоғамдық көлік жүйесінің тиімділігін тұрғындар да растап отыр. «Діттеген жерге тез әрі жайлы жетуге мүмкіндік береді», - дейді.

Блиц-сауалнама:

– Өте ыңғайлы. Қазіргі уақытта менің өзімнің транспорттық құралым болып кетті. Осы ЛРТ-мен барып, ЛРТ-мен келемін 15 минутта.

– Жылдам автобус пайда болғаны бізге көп көмектеседі деп ойлаймын. Өйткені тез жетуге болады және әр аялдамаға тоқтамайды. Көп уақыт жоғалтпаймыз және жұмысқа да жетуге көмектеседі.

– Қала күн санап кеңейіп, өсіп келеді. Өзен арқылы өтетін көпірлер саны артса, бұл қала тұрғындары үшін өте тиімді болар еді.

Ресми дерек те қоғамдық көлікке сұраныстың артқанын көрсетеді. Биыл елордада тәуліктік жолаушылар легі 1 миллион 250 мыңнан асып, өткен жылмен салыстырғанда, 15 пайызға өскен. Ал «Tarlan Astana» желісі іске қосылғалы іргелес магистральді көшелерде көліктердің орташа жылдамдығы 9 пайызға артты. Алдағы жылы рельсті көлікке жолаушы таситын тағы 5 жаңа автобус бағыты ашылмақ.

Мәди Сарбасов, ЖШС басқарма төрағасының орынбасары:

– Соңғы жылдары елордада 47 жаңа бағыт іске қосылды. Биылдың өзінде 7 бағыт ашылды, бұл жұмыс 2027 жылы да жалғасады. Жаңа бағыттарды қосумен қатар қолданыстағы сызбалар да қайта қаралады. Бұл шаралар қаланың жаңа аумақтарын игеру, тұрғын үй кешендері мен әлеуметтік нысандарды пайдалануға беру және жаңа жолдардың ашылуына байланысты қолға алынуда.

Қоғамдық көлік желісін дамытумен қатар енді автокөлік иелері үшін де балама жолдар салынуда. Алматы көшесіндегі жаңа өткелдің басты ерекшелігі – бағдаршамсыз үздіксіз жүру мүмкіндігі. Қазір құрылыс кезінде көліктер үшін айналма бағыттар қарастырылған, ал нысан іске қосылғанда орталықтағы қатынас мүлде жаңа тәртіппен реттеледі.

Нұржан Әбішев, Астана қ. Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы Күрделі құрылыс бөлімінің бас маманы:

– Алматы көшесінің Ақмешіт және Түркістан көшелерімен қиылысында жолдың өткізу қабілеті айтарлықтай артады деп күтілуде. Көлік ағындары әртүрлі деңгейде өтеді. Бұл автокөліктерге осы учаскедегі барлық үш бағыт бойынша үздіксіз қозғалуға мүмкіндік береді.

Ал болашақта елорданың көлік инфрақұрылымы бұдан да ауқымды өзгерістерге ұшырамақ. Қала маңындағы қатынасты жеңілдету үшін Tarlan Astana желісін Қосшы қаласына дейін ұзарту жоспарланып отыр. Сонымен қатар Астанада алғаш рет аэротакси қызметін іске қосу бастамасы да қарастырылуда.

Жоспар бойынша 2027 жылдың соңында бұл аумақ елорданың ең ыңғайлы әрі көрікті бөліктерінің біріне айналуы тиіс. Ал әзірге ірі мегажоба аяқталғанша, уақытша өткелдердің реттелуі мен тұрғындардың күнделікті қатынасы жергілікті билік пен мердігерлердің бақылауында болмақ.

Жұлдыз Аймаш, Аманжол Байғазин