Қаңғыбас иттер мен мысықтарға арналған жаңа орталық ашылады
Ол үшін бюджеттен қаржы да қарастырылған. Бірақ сол үй жануарларын күтіп-ұстайтын орынның жай-күйі көңіл көншітпей тұр. Мысалы елордадағы қаңғыбас ит пен мысықтарға арналған питомник 300 жануарға арналса, қазір оны бір мыңға жуық төртаяқтылар мекендейді.
Қорқыныш пен үрей. Мұндағы иттердің көбінің бойынан осыны байқауға болады. Түсінуге де болады. Себебі панасыз қаңғырып жүрген төртаяқтылар осы тар қапаста күн кешуге мәжбүр.
Елордадағы орталық 300 итке арналған. Бірақ мұнда олардың саны 3 есе артық. Үш жыл бойы осылай тар жерде қысылысып келеді екен.
Асқар Әуелбек, «Астана ветсервис» КМК директорының орынбасары:
- Бұл жерде тамағын, дәрісін береміз, емдейміз, қараймыз. 60 күн өткеннен кейін астанада иттерге жақсы қарайтын волонтерлер бар. Соларға береміз. Иелерін тапқаннан кейін, қолына беруге тырмысамыз.
Бас ауыртар проблема – орын тапшылығы. Волонтерлер 900-дей итті өз қаржыларына тамақтандырып, күтіп-баптайды екен. Иесіз қалған төртаяқтылар адамның қамқорлығын осылай ғана сезініп келеді.
Юлия Педченко, «Стопотлов» волонтерлер қозғалысының мүшесі:
- Бізде мемлекет тарапынан қаржыландыру, ірі компаниялардан да демеушілер жоқ. Тек қана мейірімді жандардың садақа етуімен иттерге күтім жасап келеміз.
Иә, қаңғыбас иттерді күтуде бірқатар мәселе бары хақ. «Тіпті елде жануарларды қорғауға бағытталған жөнді заң да жоқ», – дейді Юлия Педченко.
Юлия Педченко, «Стопотлов» волонтерлер қозғалысының мүшесі:
- Иттер не себепті ауланады? Ол қожайындарының жауапсыздығының кесірінен болады. Оларды қаңғыртып жібереді. Күшіктерін лақтырып тастайды. Кейін олар көбейіп, қаңғыбас иттердің саны артады. Адамдарда жауапкершілік деген болу керек. Күн сайын қоқыс жәшіктерінен күшіктерді тауып алып жатамыз. Сұмдық қой.
Негізі елордада жаңа питомник салынған. Былтыр астана күніне орай ашылуы да тиіс еді. Бірақ оған иелік ететін ешкім табылмады. Сол себепті оны «Астана ветсервис» уақытша өз балансына алған. Питомникті қалыпты жағдайда ұстау үшін жақын арада тендер жарияланып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жекенің қолына берілмек. Содан кейін ғана көше кезген ит-мысықтар жаңа питомникке жіберіледі. Әзірге оларға жаз мезгілін күтіп, әлі де болса тар қапаста қысылысуларына тура келеді.
Авторлары: Риат Шони, Болотбек Табалдиев