Өзен-көлдерде аэрация жұмыстары жүріп жатыр
Дегенмен қар қалың түсті. Ақ ұлпаның қабаты кей жерлерде бір метрге дейін жетіп қалады. Осының салдарынан бірақатар облыстағы су қоймаларындағы балықтарға оттегі жетпейді. Өзен-көлдерді мекен ететін түрлі су маржандарының ауа тапшылығынан жаппай өліп қалмасы үшін солтүстік өңірлерде қазір аэрация шаралары жүргізілуде.
Шортанды ауданына қарасты Дамса су қоймасының жалпы көлемі 5 млн текше метр, ал тереңдігі 3,4 метр, кей жерлерде 8 метр. Мұнда негізінен мөңке, тұқы, қарабалық, шортан сынды балық түрлері мекендейді. Қорықшы Андрей Лебедев болса биыл су айдынына Майбалық пен Тараздан арнайы 1,5 млн-дай шабақ әкеліп, оны табиғи ортаға қосқан. Маман су маржандарының өсіп, өнуін жіті қадағалайды. Солтүстіктің қытымыр аязы кезінде көк мұздың астындағы ауаны арнайы құрылғы арқылы бақылап отырады.
Андрей Лебедев, су қоймасының қорықшысы:
- Биыл мұздың қалыңдығы өткен жылдармен салыстырғанда жұқалау. Дегенмен балықтарға оттегіні жіберу үшін тиісті шараларды уақытылы жасап тұрамыз. Негізінен бұл аумақта мұз 25 сәуірден бастап ериді.
Биыл су қоймасының бетіне қалыңдығы шамамен 50-60 см мұз қатыпты. Осы жылы балықшылар айдынды оттегімен байытудың тың тәсілін ойлап тапқан.
Бұл желдеткіштің ерекшелігі бар. Ол желден қуат алып, су астына ауа жібереді. Бір қызығы, бұл құрылғы қолдан жасалған. Оны құрастыруда қайың бөренелері мен бөшкелер пайдаланылды. «Қалтамыздан шығын шыққан жоқ, қолда бар дүниелер жарап қалды», – дейді табиғат жанашырлары.
Тоғжан Ақмағамбетова, тілші:
- Балықтарды оттегімен қанықтырудың тағы бір қарапайым жолы бар. Осындай арнайы шұңқырлар тесу. Мамандар бұрғының көмегімен 1 ұңғыманы 1-2 минуттың ішінде тесіп шығарады.
Содан кейін ойықтарға сабан немесе қамыс тығылады. Ол арқылы суға оттегі өтеді. «Бұл бұрыннан келе жатқан әдіс болса да, өте тиімді», – дейді мамандар.
Жалпы су қоймасының үстінде ұңғымалар жасап жүрген жұмысшылар ауа райының тосын мінез танытқанына қарамай тәулігіне 50-60 ойық жасайды.
Мұхит Рамазанов, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы бөлімінің басшысы:
- Осындай ойықтар Ақмола облысы бойынша 11 мың дана жасалады. Майналар 3 мың дана. Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласының ішінде 2 өзен бар. Есіл және Ақбұлақ өзені. Сол өзендерде де жасаймыз. Биылғы жылы 350 ойық жасалды. 10 мың текше метр аэрация жүргізілді.
Жалпы Ақмола облысында 580 су айдыны болса, оның 264-і тұрғындарға ұзақ және қысқа мерзімге жалға берілген екен. Айта кетсек, биыл өңірдегі өзен-көлдерде балықтардың тұңшығып, судың бетіне шығу және қырылып қалу оқиғасы тіркелмепті. Мамандар осындай фактілерді болдырмау үшін аэрациялау жұмыстарын күн жылынып, мұз еріген уақытқа дейін жүргізеді.
Авторлары: Тоғжан Ақмағамбетова, Аян Сәрсенбаев